Тың туындылар таныстырылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ әдебиетінің рухани қазынасына қосылған екі жаңа дүние – «Арзу» романы мен «Жалғыз жолаушы» хикаяттар мен әңгімелер жинағының таныстырылымы өтті. Қос кітаптың авторы – белгілі жазушы, ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Әділбек Ыбырайымұлы.
Бұл кеш тек жаңа кітаптардың ресми таныстырылымы ғана емес, ұлттық әдебиеттің жаңа бағыттары мен тың ойлар, терең болмыс пен замана келбетін көркемдік арнаға түсірген бірегей кездесу болды. Әдеби кешті Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының басшысы, талантты ақын Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп, туындылардың мазмұндық ерекшеліктеріне, авторлық ойлар мен көркемдік шешімдерге назар аудартып отырды.

Таныстырылған екі кітаптың бірі – «Арзу» романы. Туындыда қазақ елінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, геосаяси жағдайлар, ел мүддесін қорғаудағы күрделі мәселелер көркемдікпен өріліп берілген. Автор әлем назарын аударып отырған стратегиялық ресурстар – сирек металдар, дейтерий суы, ғарышты игеру сияқты факторларды романның көркемдік кеңістігіне шебер енгізген. Бұл тақырыптар қазіргі жаһандану дәуірінде Қазақстанның орны, табиғи байлығымызға көз салған алпауыт мемлекеттердің мүддесі, рухани кеңістіктегі өзгерістер мен діни санадағы мәселелер аясында жан-жақты ашылған.
Екінші кітап – «Жалғыз жолаушы» хикаяттар мен әңгімелер жинағы. Бұл жинаққа қазақ әдебиетінде көркемдігі мен идеялық салмағы жағынан ерекшеленетін бірнеше туынды топтастырылған.
Қос кітап туралы ойларын ортаға салған Ұлттық құрылтай мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлиев, қоғам қайраткері, профессор Әбдіжәлел Бәкір, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, белгілі қаламгерлер Жанат Елшібек, Несіп Жүнісбаев, Жолтай Әлмашұлы, белгілі заңгер-қаламгер Есберген Алауханов, қоғам қайраткері, жазушы Әкім Ысқақ, ақын Әбубәкір Смайыл және басқалар қоғамның көкейтесті мәселелерін көркемдік шешім арқылы шығармаларына арқау еткен жазушының ізденістері мен жаңашылдығын тілге тиек етіп, нақты мысалдармен сөйледі.
Тұсаукесер рәсіміне жиналған қауым – қаламгерлер, оқырмандар, әдебиет жанашырлары мен зиялылар бұл жиынды руханияттың мерейлі кеші деп бағалады.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



