«Учаске» жедел-профилактикалық шарасы жалғасуда

Астана қаласының құқық қорғау органдары екі айдан астам уақыттан бері ауқымды «Учаске» жедел-профилактикалық шарасын өткізіп келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
1 қыркүйекте басталған бұл шара аясында полиция қызметкерлері қаладағы барлық ауданды қамтып, ең алыс тұрғын алаптарға, қала маңы мен саяжай учаскелеріне дейін барды.
Шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, азаматтардың өтініштеріне уақытылы жауап беру және тұрғындар мен полиция арасындағы сенімді нығайту.
Рейдтің әр күнінде миграциялық қызмет, арнайы және жедел бөлімшелер, кинологтар мен учаскелік инспекторлар жұмылдырылды. Мұндай кешенді тәсіл әр аумақтағы жағдайды жан-жақты зерттеуге мүмкіндік берді.
«Учаске» ЖПШ аясында атқарылған жұмыс көлемі:
• тұрғын алаптарда 400 мыңнан астам үй мен пәтер араланды;
• 8 мыңға жуық саяжай үйлері тексерілген;
• көңіл көтеру орындары мен сауда нысандарында 2 500-ге жуық тексеру жүргізілген.
Тексеру барысында бірқатар құқық бұзушылық анықталды. Олардың ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы заңбұзушылықтар, алкоголь ішімдіктерін ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде болу, көші-қон заңнамасын бұзу, бұзақылық, ортақ пайдалану орындарын ластау сынды жағдайлар бар.
Шараның ең маңызды нәтижелерінің бірі – тұрғындардың полицияға деген сенімінің артуы. Көптеген азамат полицияның үнемі жанында болуы, тұрақты аралау жұмысы және тікелей өзара байланыс қауіпсіздікті сезінуге үлкен ықпал еткенін атап өтуде.
«Учаске» шарасы 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Елордалық полиция әр әкімшілік учаскеде қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету жұмысын күшейтіп, тұрғындардың тыныштығын қорғауды жалғастырады.



