Абай әндері әуеледі

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында кеш өтті. Сахнада бұрын-соңды орындалмаған Абай туындыларының тұңғыш рет шырқалуы – кештің басты ерекшелігі. Ақынның өз заманында ұлт рухын оятқан сөздері бұл жолы музыка арқылы қайта шырқалды. Абай мұрасы бір ғана ғасырдың емес, келешектің мұрасы екенін сахна тағы да дәлелдеді.
Шығармашылық кеште «Желсіз түнде жарық ай», «Көк тұман алдындағы келер заман», «Татьянаның хаты», «Қоңыр жел», «Кіші айдай», «Ақтолқын» секілді халыққа етене таныс туындылар жаңаша леппен орындалды. Кештің көркін «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының майталман өнерпаздары келтірді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жанғали Жүзбайдың домбырасы, Құмарбек Қалқатайдың қыл шегінің күмбірі, Ерболат Шалдыбеков пен Айгүл Елшібаеваның дауыс диапазоны кештің өзегін толтыра түсті. Сонымен қатар Медет Салықов, Клара Төленбаева, Ерлан Рысқали, Толғанбай Сембаев сынды сахна саңлақтары өнер биігін паш етті.
Бұл кеш Абайдың әні ғана емес, оның әлемін сезіну, сол әлемнің ішіне еніп, әрбір әуен арқылы ойға, байыпқа, тереңдікке бойлау болды. Қазақ руханиятының биік шыңы саналатын Абай мұрасы заманауи сахнада тағы да жаңғырып, бүгінгі ұрпаққа жан-жақты жетті.



