Халықаралық шала туған балалар күнінде ерекше іс-шара ұйымдастырылды

17 қараша – Халықаралық шала туған балалар күні. Бұл күн мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерге көрсетілетін қамқорлық пен қолдаудың маңыздылығын еске салады. Атаулы датаға орай Сарыарқа ауданының ерікті зейнеткерлері жыл сайынғы игі дәстүрмен «Ана мен бала» орталығына барды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Биылғы қайырымдылық шарасына зейнеткерлеріміз ерекше дайындалып, екі ай бойы бас қосып, табиғи жүннен сәбилерге арналған бұйымдар – шұлық, бас киім, пинетка және шағын пледтер тоқыды. Барлық бұйым қолмен жасалып, әрқайсысына жүрек жылуы мен шексіз мейірім сіңірілген.
Қазақ ұғымында жүн – саулық пен берекенің, қорғаныс пен жылулықтың нышаны. Мұндай бұйымдар сәбидің денсаулығына оң әсер етіп, ширауына, жүйке жүйесінің нығаюына ықпал етеді деп сенеді.
Ата-аналар үшін мұндай ықылас пен назар – зор моральдық қолдау. Ал бұл акция жыл сайын қайталанып, шынайы жанашырлық пен адамгершіліктің жарқын үлгісіне айналып отыр. Кішкентай ғана мейірім ізі үлкен жүректерге жылу сыйлайтынын тағы бір дәлелдеді.



