«Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілікке қатысты

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен мұражайлар дирекциясы қызметкерлері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілікке белсене қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара барысында тарихи-мәдени мұра нысандары орналасқан екі маңызды аумақта тазалық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда:
– «1932–1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» мемориалдық кешені аумағы (Республика даңғылы мен Абай даңғылының қиылысы);
– Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би ескерткіштерінің маңы (Ж. Омаров көшесі, 57).
Бұл сенбіліктің басты мақсаты – тарихи ескерткіштерді таза ұстау, абаттандыру жұмыстарына үлес қосу және өскелең ұрпаққа ел тарихына, мәдени мұрасына деген құрметті насихаттау. Сонымен қатар, мұндай шаралар арқылы қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру көзделеді.
Дирекция ұжымы алдағы уақытта да осындай қоғамдық маңызы бар шараларға белсенді түрде қатысып, ел руханияты мен мәдениетіне өз үлесін қоса бермек.