Мәдениет

Тірі өнердің тамырын дәл басқан

Отандық театр мен кино өнерінің дамуына үлес қосқан актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Театр өнері және өнер­тану» факультетінің деканы Ақыш Омар М.Әуезов театрында талай жыл еңбек етіп, өзінің актерлік қырымен танылды. 2003 жылы М.Горький атындағы Орыс драма театрының шақыруымен Астана қаласына көшті.

2003-2005 жылдар аралығында М.Горький атындағы Орыс драма театрында түрлі рөлді сомдап, мемлекеттік және қалалық іс-шараларға белсене қатысты. Онда сомдаған рөлдері: Ж.Б.Мольер «Тартюф» – Тартюф, Н.Гоголь «Ревизор» – Лука Лукич, Птушкина «Плачу вперед» – Расияв, ­Ф.М.Достоевский «Қылмыс пен жаза» – Лужин, Жан-Жак Брикер «Өз көзіңе сенбе» – Альберт Ламар және т. б. бейнелерін ­шеберлікпен сомдады.

2005 жылдан бастап ­Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері болып жұмыс істейді. Осындай ортада қызмет етіп жүрген актер Ақыш Омар – бүгінгі қазақ театрының кәсіби деңгейін айқындап отыр­ған дара тұлғалардың бірі. Ол сомдаған әрбір кейіпкер тек сахналық бейне ғана емес, сонымен қатар өмір шындығынан сыр шертер терең философия­лық тұжырым деуге болады.

Актердің Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасындағы рөлдері: А.Чехов «Ваня ағай» – Серебряков, Ғ.Ғаппарова, М.Ғаппаров «Қуыршақ немесе қызғаншақ қыздардың кеші» – Ақтан, Ш.Айтматов «Ақ кеме» – момын шал, Е.Жуасбек «Терең тамырлар» – бағбан, А.Дударев «Кеш» – Василий (Мультик), В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналар» – старшина Кузовков, М.Әуезов, Қ.Ысқақ «Қараш-Қараш» – Николай Добродеевич, Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна д’Арк» – әке, Р.Отарбаев «Көлеңкесіз жолаушы» – әке, Антонио Буэро Вальехо «Күн сәулесі түспеген» – әке, ­Т.Джюдженоглу «Көшкін» – қауым басшысы, Ш.Айтматов «Аққудың көз жасы» – автор, Т.Әсемқұлов «Құнанбай» – генерал, Р.Мұқанова «Бопай ханым» – Неплюев, тағы да басқа бейнелерін сомдады. 2006 жылы Астана қаласында өткен республикалық фестивальде А.Чеховтың «Ваня ағай» спектакліндегі Серебряков рөлі үшін «Үздік ер адам рөлі» аталымында үздік болды. Ал «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымындағы Әбутәліп бейнесінде тарихи-әлеуметтік тартысты шебер жеткізіп, кейіпкердің ішкі психологиялық шиеленісін толық аша білді. Бұл рөл оның актерлік шеберлігінің жаңа қырын ашып, шығармашылық па­литрасын тереңдете түсті.

А.Чеховтың әлемдік драматургиядағы орны бөлек туындысы – «Ваня ағай» психологиялық драмасының қоюшы-режиссері Ә.Мәмбетов (көмекші режиссер – Б.Құрманғожаев) өз шығармашылық қолтаңбасына сай психологиялық нақтылықпен, сахналық тазалықпен және адам жанын ашуға бағытталған көркемдік тәсілдермен ұсынды. Ол ішкі күйге, үнсіздікке, көзқарас пен кідірістің көркемдігіне басымдық береді. Актермен жұмыста режиссерлер психологиялық дәлдікке, сахналық серіктестік пен ішкі үндестікке ерекше назар аударады. Ақыш Омар орындаған Серебряков рөлінде режиссер кейіпкердің тек эгоистік қырын емес, оның рухани қажу мен әлеуметтік оқшаулануын да ашуды мақсат еткен. Актер мен режиссер арасындағы шығармашылық үйлесім көрерменге кейіпкерді жан-жақты тануға мүмкіндік беретінін аңғарамыз. «Ваня ағай» спектаклінің көркемдік құрылымында музыка ерекше орын алады. Серебряковтың жерді сату туралы шешімі – драмалық шиеленістің шыңына апаратын сәттердің бірі. Бұл жаңалық барлық кейіпкердің тыныштығын бұзып, олардың әрқайсысының ішкі жанайқайын қозғалысқа келтіреді. Ақыш Омар бұл көріністе өз кейіпкерінің прагматизмін, суық логикасын аса дәл жеткізеді. Бұл сахнада актердің шеберлігі диалогпен емес, тыныштықпен, реакциямен, дене пластикасымен ашылады. Ол креслоның арқалығына қарай шалқайып, қолын баяу қозғап, Ваняның ашуын міз бақпастан тыңдап отырғандай көрінеді. Бірақ осы көріністің астарында Серебряковтың ішкі қорғансыз­дығы, кәрілік пен мағынасыздық алдындағы шарасыздығы бар. Әсіресе Ваняның оған: «Сіз менің өмірімді ұрладыңыз!» деген сөзінен кейін Ақыш Омардың кейіпкері алғаш рет жеңілген адамдай күйге енеді. Ол бір сәтке көзін төмен салып, үнсіз қалады. Дәл осы кезде сахнадағы жарық күңгірттеніп, музыка баяу естіліп, актердің ішкі жан күйзелісі сыртқы әсерлермен ұштаса түседі. Бұл эпизод – Ақыш Омардың актерлік техникасының биіктігін көрсететін көркем шешім. Ол Серебряков­тың бейнесін бір сәттік тартыспен емес, үнсіз, ауыр салмақты ішкі күй арқылы жеткізеді. А.Чеховтың «Ваня аға­йындағы» Серебряков рөлінде Ақыш Омар адам бойындағы рухани шаршағандықты, менмендік пен әлсіздіктің бейнесін сахнада айқын бедерледі.

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында қо­йылған Анатолий Дударевтің «Кеш» драмасы – соғыстан ке­йінгі қоғамның рухани күйін бейнелейтін терең психология­лық туынды. Қойылымда адам жадындағы жара мен уақытты жеңе алмайтын сағыныш, тіршілік тынысымен жүріп жатса да, ұмытылмайтын естеліктер драмалық формада шынайы көрсетілген. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Спектакльде соғыс ардагерлерінің бір-бірімен соңғы рет кездесу сәті арқылы әр кейіп­кердің өмірге, өткенге, жоғалтқанға деген көзқарасы ашылады. Бұл – тек кездесу емес, рухани есеп, жүрекке жүк болған үнсіз сағыныштың көрінісі. Осы ішкі драманы жеткізуде сценография, музыка, жарық, костюм мен актерлік ойын бір-бірімен шебер тоғысып, спектакльдің көркемдік тұтастығын қамтамасыз еткен. Бұл спектакльде көркемдік тұтастықтың жоғары деңгейде болуы – сахналық шешімдердің мәтінмен шектеліп қалмай, жаңа эстетикалық кеңістікке көтерілуінің ­айғағы.

Ақыш Омардың Мультик рөлі ерекше әсер қалдырады. Ол сахнада көп сөйлемейді, бірақ әр қимылы мен көзіне жинақталған ішкі үн көрерменге кейіпкердің күйін нақты сездіреді. Ақыш Омар бұл рөлде көңілдегі күйзелісті, сағынышты, іштей сынған жанның үнсіз трагедиясын жанды етіп жеткізген. Оның кейде бос орындыққа қадала қарауы, кей сәттердегі шалт қозғалысы – бұл жай техника емес, жүрекпен сезгеннен туған бейне. Әсіресе Мультиктің сахнада жалғыз отыратын көріністерінде оның ішкі жалғыздығы мен үмітсіздігі көрермен көзіне жас үйіреді. «Кеш» спектакліндегі Мультик бейнесі арқылы актер соғыстан кейінгі адам трагедиясын, үміт пен сағыныштың үнсіз арпалысын көрерменге терең сезіммен жеткізе алды. 2010 жылдың қыр­күйек айында Тараз қаласында өткен республикалық ХVIII Қазақстан театрларының фестивалінде Ақыш Омар басты рөлді сомдайтын «Кеш» қойылымы гран-при жүлдесін иеленді.

Өнерлі жанның театр сахнасындағы рөлдері режиссерлік шешімдермен, сценографиямен, музыкамен көркемдік тұтастықтың бір бөлігіне айналады. Ол өзінің актерлік шеберлігі арқылы сахнадағы серіктестерінің де ойынына серпін береді. Оның бейнелері бүгінгі көрермендерді терең ойға жетелеп, ойландыра алуымен ерекшеленеді. Ол сомдаған әрбір рөл – сахналық шешім мен өмірлік философияның тоғысқан тұсы. Театр әлемі – тірі өнер, ал Ақыш Омар – сол өнердің тамырын дәл басып, кейіпкер бейнесі арқылы қоғамға ой салған кәсіби шеберлердің бірі. Сондықтан оның қазақ ­театрындағы актерлік шеберлігі тек шығармашылық емес, ұлт руханиятына қосылған көркем ойдың өлшеусіз үлесі ретінде бағаланады.

 Нартай ЕСКЕНДІРОВ,

К.Байсейітова ­атындағы ­Қазақ ұлттық өнер ­университеті «Өнертану» ­кафедра­сының доценті, PhD докторы, театртанушы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button