Баланың ойын өзгертетін ойын

Елімізде алғаш рет қазақ тілін ойын арқылы үйрететін жаңа мобильдік жоба дүниеге келді. «Тіл-қазына» мамандары әзірлеген жоба қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды насихаттайды.
«Steppe games» балалар мен жасөспірімдерге қазақ тілін заманауи әрі қызықты форматта үйретеді. Ресми таныстырылымда сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталмыш ойынның білім беру саласын цифрландырудағы маңызына тоқталса, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай ойынның негізгі идеясымен таныстырды.
«UNICEF дерегі бойынша Қазақстандағы 9-10 жас аралығындағы балалардың 60 пайызы смартфонды күн сайын қолданады, ал олардың басым бөлігі уақытын ойын мен бейнеконтентке жұмсайды екен. Бұл баланың санасына әсер ететін ең ықпалды кеңістік ойын алаңы екенін көрсетеді. Сондықтан қазақ тілін дәл осы ортаға сапалы әрі тартымды форматта енгізу басты мақсатымыз болды. «Тіл-қазына» орталығында әріптестерімізбен жұмыла отырып, қазақ тілін үйретудің жаңа форматын ұсындық. Таныстырылған Steppe games – тіл үйрету мен ұлттық құндылықтарды біріктірген edutainment (education + entertainment) форматындағы алғашқы қазақша мобильдік ойын. Оқиға желісіне құрылған интерактивті ойын тілдік дағдыларды механикалық жаттатудан гөрі тәжірибелік қолданысқа бағыттап, балалардың қазақ тілінде еркін сөйлеу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді» дейді ол.
Тұсаукесерге келген Парламент Сенаты депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Дархан Қыдырәлі, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов ойын туралы жылы пікірін білдірді. Steppe games мобильді қосымшасы AppStore және PlayMarket платформаларында қолжетімді.
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ