Виртуалды ойындар қаупі қандай?

Ғаламтор желісі дамыған сайын бүгінгі адамзат виртуалды әлемнің игілігін көріп те, зардабын тартып та отыр. Әсіресе өскелең ұрпақтың виртуалды ойындарға тәуелділігінің күшеюі алаңдатады. Жақында Оқу-ағарту министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті Roblox деп аталатын танымал виртуалды ойын қаупіне қатысты дабыл қақты.
Roblox – әлемдегі ең танымал виртуалды балалар ойындарының бірі. Оны қолданушылар жеке ойын әлемін құрып, бір-бірін соған шақырады, әңгімелеседі. Платформаға тіркелудің тым оңайлығы және өзара іс-қимыл еркіндігі оны оқушылар арасында сүйікті ойынға айналдырды. Алайда осындай ашықтығы платформаны қылмыстық бағытта да қолдануға тартымды ете түсті. Сарапшылардың айтуынша, арам пиғылды алаяқтар балалармен ойын чаттарында танысып, жасырын арналарға тартады және оларды қауіпті іс-әрекеттер жасауға ақырындап бейімдей бастайды. Баламен екінші тарапта ойнайтын ойыншы болып көрініп, сенімді қарым-қатынас орнату арқылы арам пиғылын жүзеге асырады.
Қазір тіпті бұл ойындардың қаупі туралы әлемдік ірі БАҚ-тар да жиі жаза бастады. Гарвард университетінің психологы Мареза Орзактың айтуынша, компьютер ойындарын ойнайтын адамдардың 40-80%-ы ойындарға тәуелді болып келеді. Компьютер ойындары мидың ләззат алуға жауапты аймағын үнемі қоздырып, балаларды онлайн-ойындарға, смартфонға тәуелді етеді. Мұндай тәуелділікті психологтар нашақорлықпен салыстыруға болатынын айтады. Солтүстік Каролинада бір ер адам 10 жастағы қызға Roblox ішкі ойын валютасын ұсынып, сол үшін одан өзінің жалаңаш суреттерін жіберуін сұраған. Еуропа мен АҚШ-та аталған платформада танысқаннан кейін балалар жабық чаттарға кіріп кетіп, бопсалау оқиғасына тап болғаны туралы жайттар зерттелуде. Ресейде бір ер адам 12 жасар баламен осы платформада танысып, сосын онымен кездесіп, зорлық көрсеткен, сот оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Түркия, Қатар, Кувейтте бұл ойындарға шектеу қойылды, Индонезия билігі толық тыйым салуды көздеп отыр.
Ал Қазақстан Президенті бұл мәселеге биылғы тамыз конференциясында тоқталды. «Зиянды заттарды тұтыну немесе виртуалды ойындар арқылы шындықтан ажырап, қиялға ерік беру адамды айналасына жексұрын қылып, қоғамнан шеттетеді. Шын мәнінде, мұндай жандар өз болашағына балта шабады. Олар жақсы жұмыс тауып, берекелі отбасын құру мүмкіндігінен айырылады. Өзінің дарынын көрсетіп, биік мақсаттарға жете алмайды» деп Мемлекет басшысы бұл іске мектептегі директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтарынан бөлек, барша ұстаздар қауымы атсалысуға тиіс екенін жеткізді. «Балаларды әлеуметтік кеселдерден қорғау үшін олардың сыни ойлау қабілетін ұштау қажет. Жас ұрпақтың көп уақытын интернет пен әлеуметтік желілерде өткізетіні жасырын емес. Олар жалған идеялар мен мінез-құлықты бұзатын теріс тәрбиенің ықпалына оңай түсуі ықтимал. Сол себепті әр педагог балаларды өз эмоциясын ұстауға, кез келген нәрсеге немесе жағдайға байыппен қарап, дұрыс шешім қабылдауға үйретуі керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұғалімдер бұл мәселе балалар мен жасөспірімдердің психологиялық, әлеуметтік және академиялық дамуына елеулі әсер ететінін айтады.
– Мектептерде оқушылардың виртуалды ойындарға тәуелділігін азайту және алдын алу мақсатында әртүрлі бағытта тәрбиелік, психологиялық және ақпараттық жұмыстар жүргізіледі. Бұл іс-шаралар оқушылардың саналы таңдау жасауына, бос уақытын тиімді өткізуіне және технологияны жауапкершілікпен пайдалануға бағытталған. Балалардың виртуалды ойындарға тәуелді бола бастағанын мінез-құлқындағы, эмоциялық және физикалық жағдайындағы өзгерістерге қарап байқаймыз. Алайда баланың үйдегі жағдайы, тәртібі де ата-ана тарапынан дұрыс бақылауда болуы керек, – дейді №59 мектептің тарих пәні мұғалімі, сынып жетекші Бағила Қарамырзаева.
Виртуалды ойындардың бала мен оның бүкіл отбасына төндірер қаупі де, жеке дамуын тежейтін кері әсері де бар. Бос уақытын тиімді өткізудің орнына ғаламтор қызығына түсіп кету баланың жеке тұлға ретінде дұрыс қалыптасуына кедергі келтіреді.
– Шынайы өмірдегі қиындықтар, міндеттерден қашқан бала виртуалды әлемдегі оңай өмірге тез үйреніп, соған жылдам тәуелді болады. Сәйкесінше, виртуалды ойындарға уақытын көбірек арнаған сайын оның шынайы өмірдегі дамуы тежеледі, есеймейді, ештеңеге жауапкершілік алмайды, көңіл күй тұрақтылығы болмайды, өзіне, үсті-басына қарамай қояды. Әлеуметтік машығы жоғалып, рухани тұрғыдан өспейді. Балада өзімшілдік артып, ашушаң, ызақор бола бастайды. Моральдық, рухани құндылықтары төмендейді. Бірінші орынға тек рахаттану, виртуалды өмірде жетістіктерге жету шығады, – дейді елордалық психолог, аддиктолог Дәурен Ассалау.
Психолог маман баланың виртуалды ойындарға тәуелділігінің түп себебін отбасындағы және әлеуметтік мәселелермен де байланыстырады.
Балалар құқығын қорғау комитеті ата-аналарға ғаламтордағы виртуалды өмір қаупінен балаларды қорғау бойынша ұсынымдар берді. Әр ата-ана баласына ғаламтор пайдаланғанда жеке дерегін, яғни аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі, отбасы туралы ақпарат беруге болмайтынын қатты ескертіп отыруы керек. Instagram, Telegram, TikTok және ВКонтакте желілеріндегі қауіпті топтар мен анонимді чаттарға кіруді шектеп, бала ойнайтын онлайн-ойындарды тексеру қажет. Баланың әрекетін бақылауда ұстау үшін ата-ана Family Link, Screen Time қосымшалары арқылы достарының тізімі мен қандай аккаунттарға жазылғанын тексеруі және күдікті анонимді профильдерді бақылауы қажет. Ұл-қызының мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударған жөн: ұйқысының бұзылуы, түсініксіз жарақаттар, оқшаулану, агрессия, агрессивті немесе депрессиялық мазмұндағы жазбаларды қарауы, қорқынышты белгілері бар суреттер көруі – бәрі де қауіптің белгісі.
Ата-аналарға балалармен үнемі сөйлесіп, олардың өмірі мен көңіл күйіне ұдайы мән беруге кеңес беріледі. Бір қауіп төнген жағдайда құқық қорғау органдарына, мектеп психологына, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығына, балаларды психологиялық қолдау орталығына, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілге немесе тәулік бойы тегін жұмыс істейтін «111» жедел желісіне хабарласқан жөн.
Райхан Рахметова