Елорда тынысы

Астанада «Әлем барысы» Айбек Нұғымаров атындағы спортзал ашылды

Астанадағы №106 орта мектепте қазақ күресінен екі дүркін «Қазақстан барысы» және үш дүркін «Әлем барысы» Айбек Нұғымаров атындағы спортзалдың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.

Іс-шараға Айбек Нұғымаров және «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директоры Ғаният Хамитұлы, қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Жеңіс Биткөзов, Астана қаласы әдістемелік орталығының әдіскері Жеңіскүл Темірханқызы, №106 орта мектебінің директоры Гүлсан Жаманқараева мен мектеп ұжымы қатысты.

Дәл қазіргі сәтте №106 орта мектепте 4 500 бала оқиды. Оның 6-17 жас аралығындағы 60-қа жуық оқушысы дүйсенбі және сәрсенбі күндері ұлттық спортымызбен шұғылданады.

«Біздің мектебіміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Балаларымыз үшін 2 үлкен және 2 кішкентай залымыз бар. Осы орайда бір залымыздың есімін қазақ күресін әлемге танытып жүрген Айбек Нұғымаровтың атына беруді жөн деп шештік. Оның үстіне 2024 жылы қазақ күресінен «Жайлы мектеп барысы» атты жарысты өткізгеніміз тағы бар.

Алдағы уақытта дәстүрге айналады деп сенемін. Біздің мектебімізде күшке ие бола алатын балалар өте көп. Болашақта олардың арасынан қазақ күресін танытатын балуандар шығады деген ойдамын», — деді №106 орта мектебінің директоры Гүлсан Жаманқараева.

Іс-шара барысында Айбек Нұғымаров өз атынан қазақ күресіне арналған 20 спорттық киімді тарту етті.

«Менің атыма спортзалдың ашылғанына өте қуаныштымын. Көздерінен от жанып тұрған балалар болашақта кәсіби спортшы ретінде қалыптасып, менен де асып түсетіндеріне сенімдімін. Бастысы – ерінбей еңбек етіңіздер», — деп Айбек Нұғымаров өз ойын білдірді.

Салтанатты шарада мектеп ұжымы Айбек Нұғымаровқа қазақи дәстүрмен шапан жауып, өз құрметтерін көрсетті.

Айта кетейік, 18 қазан күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек спорт сарайында кезекті «Қазақстан барысы-2025» бәсекесі өтеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button