
Астанада Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Елордада өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері маусымын Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының тауар өндірушілері жалғастырды. Өткен демалыс күндері олар астаналықтарға өз өнімдерін ұсынды.
Жәрмеңке «Қазанат» ипподромы аумағында өтті. Екі өңірдің аграрийлері елордаға ет, балық, сүт және бакалея өнімдерін, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидек, сондай-ақ бал жеткізді. Барлығы 700 тоннадан астам тауар фермерлерден тікелей жеткізілді.
«Жәрмеңкенің мақсаты – елорданың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Барлық фермер өнімдерін «алқаптан дастарханға дейін» қағидаты бойынша сатады, сол себепті баға қолжетімді болып отыр. Әр өңір өз өндірушілерін іріктеп, ең үздік тауарларын ұсынады», – деді Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев.
Саудамен қатар, іс-шара ұлттық нақышта безендіріліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
«Әр өңір өз өнімдерімен танымал. Концерттік қойылымдар мен жеткізілген тауарлар арқылы қатысушылар өңірлердің дәстүрі мен мәдени ерекшеліктерін паш етті», – деп қосты ол.
Жәрмеңкеге қатысушылардың қатарында дәстүрлі сусындар мен фермерлік өнім өндірушілер болды.
«Біз қымыз өндіреміз, ол – ұлттық құндылығы зор сусын. Мұндай жәрмеңкелер бизнесті дамытуға, бәсекелестікті арттыруға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Біздің қымызымыз Астанада және Дубайда өткен ЭКСПО көрмелерінде де ұсынылған. Бұл жерге де қатысқаныма қуанып отырмын: халық көп, көңіл күй керемет», – деді Qazaq House брендінің өкілі Арсен Жәнібек.
Келушілер жәрмеңкедеарзан әрі сапалы өнімдер бар екенін және отбасымен бірге жақсы уақыт өткізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Демалыс күні жәрмеңкеге бардым, өкінген жоқпын. Мұнда нағыз қазақы рух сезіледі: музыка, безендіру, адамдардың көңіл-күйі ерекше. Ең бастысы – бағалары жақсы әрі Қазақстанның түкпір-түкпірінен әкелінген өнімдерді көруге болады. Бұл өте қызық болды», – деді елорда тұрғыны Мәди.
Еске сала кетсек, биыл жәрмеңкелер әр демалыс сайын «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тас жолы, 1 мекенжайында) өткізіліп келеді.