Басты ақпаратЕл тынысы

Хандар төрге шыққан күн

2009-2010 жж.

1 желтоқсан күні Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана саммитін ашты. Саммитке барлық құрлықтан 75 елдің делегациясы қатысты.

ТІЛДІҢ ТАРИХҚА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ МОЙЫНДАЛҒАН ЖОҚ

Белгілі түркітанушы-этимолог, академик Әбдуәли Қайдар журналист Раушан Төленқызына берген сұхбатында тілдің тарихқа қосқан үлесі әлі мойындалмағанын айтады.

«Жұбанның «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» сөздеріне ғылыми талдау жасалғанын, зерттеуді естідің бе? Көрдің бе? Ешбір бояу-қоспасы жоқ, кез келген қазақтың көкейіндегі қоздап жатқан шоқты тыз еткізіп, дөп басатын дәл айтылған сөз. Ал бірақ осыны әлі күнге дейін зерттеген бірде-бір ғалым, ізденуші жоқ! Неге мың өліп, мың тірілдік?!» дейді сұхбатында.

6 қаңтар

БІЗГЕ ҰЛТЖАНДЫ ҰРПАҚ КЕРЕК

Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза журналист Раушан Төленқызына берген сұхбатында қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударған.

Қазіргі баспасөздің халі, демография, қаламгерлер туралы, заманның құрбаны болған ұрпақ жайлы тұшымды дүниелер сөз болған. «Тарих жалтақтамай өсіп келе жатқан ұрпақтан үміткер… Анау жылы ұлы Абайдың 150 жылдық тойында бәйгеде омақаса құлаған қарагердің арқасынан ұшып түскенде есін тез жиып, атының басынан жүгенін сыпырып алып, мәреге қарай тұра жүгірген бала сияқты өршіл, намысқой ұрпақ керек. Мәреге жете бере баланың өзі де жығылып қалды. Бірақ тез түрегеліп, қолындағы жүгенін жан-дәрмен лақтырғанда бала құлашынан ұшып шыққан жүген дәл мәре сызығының үстіне барып түсті. Қарагер омақаса құлап жатқанда озып кеткен қылаң боз атқа емес, ата салтымыз деп, бірінші бәйгені балаға берді. Міне, бізге осындай өршіл, өрелі ұрпақ керек!» дейді жазушы.

14 ақпан

ДҮНИЕГЕ ҮШЕМ КЕЛДІ

Елордалық 27 жастағы келіншек Айгүл Сырманова дүниеге үшем әкелді.

№1 қалалық перзентхананың бас дәрігері Жанат Қашқынбаева құндақтағы сәбилердің жағдайы өте жақсы екенін айтып, елордада соңғы кездері туу көрсеткіші артып келе жатқанын айтқан.

«Астанаға келгеніне бір жылдан асқан жас отбасының қуанышы ұзағынан болсын. Үшемдердің іңгәлаған дауысы енді жалдамалы пәтердің бір бұрышында емес, кең үйдің төрінде естілсін дегіміз келеді…» деп аяқтаған екен журналист Гүлмира Аймағанбет. Бір қуаныштысы, сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов артынша бұл отбасыға үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.

13 қаңтар

ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСҚАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Журналист елордаға мейман болып келген қандастарымыздың ішінен 1964 жылы Токио Олимпиадасына қатысқан қазақтың қызы Алданыш Рамазанмен арнайы жолығып, әңгімелескен.

«Моңғолияда сол жылдары жеңіл атлетика дамымаған. 1964 жылы Алданыштың көрсеткен нәтижесі жаман емес еді. Өйткені аузымен құс тістеген Кеңес елі желаяқтарының өзі 400 метрде алғашқы ондыққа ілінбей қалса, 800 метрлікте Л.Эрик 6-орынға әрең ілінген» деп жазады Бекен Қайрат.

7 наурыз

АМЕРИКАҒА АУРУ БАЛАЛАР НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Жұмажан Жүкенов «Шетелдіктер асырап алған балалардың 90 пайызы – дене және психикалық жағынан жетілмеген, тұқым қуалайтын ауруға шалдыққандар» деп мәлімдеді.

Біз білетін кез келген елдің заңы бойынша, адам ауру болсын, сау болсын, өзі туған мемлекеттің азаматы болып саналады. Ата Заңымызда да азаматтардың құқығы заң жүзінде қорғалады… Ендеше біздің «шетелдіктерге тек қана ауру балаларымыз беріліп жатыр» деп даңдайсығанымызға не жорық? «Сен ауру болып тудың екен» деп, қамқорсыз баланы туған Отанынан аластатуға кімнің хақысы бар?

Нәзира Байырбек

16 сәуір

АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ШЕРУ

Қазақ елі алаңында Астанада тұңғыш әскери шеру өтті.

Конституция күніне арналған әскери шеруге Қорғаныс министрлігінің кұрлық­тағы әскерлері, әуе қорғанысы күштері, әскери-теңіз күштері, сондай-ақ Ішкі істер жене Төтенше жағдайлар министрліктерінің сарбаздары мен Республикалық Ұлан өкілдері қатысты.

Мерекелік шеруге Қарулы күштердің 96 әскери техникасы мен 43 соғыс ұшағы және тік­ұшағы қатысты. Алаңда алдымен әскери техникалар сап түзеп, олардың әрқайсысының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері және соғыс кезінде атқаратын қызметтері жөнінде баяндалды. Әскери техникалардың арасында «БТР-80», «Д-30» көліктері мен «МСТА» зеңбіректері, «Ураган», «Смерч», «Точка-У» сияқты аса қуатты қарулар, сондай-ақ «C-125», «C-75», «C-200» тектес зенит-зымыранды кешендер тамашаланды.

Ал 40 жылдан астам тарихы бар «Жетісу» пилотаж тобының төрт ұшағы (Су-27) Астана аспанында «қызғалдақ» гүлін бейнелеп, жауынгерлік даярлықтың шыңын көрсетті.

30 тамыз

 АТАТҮРІККЕ ЗОР ҚҰРМЕТ

Қазан айында Түрік республикасының негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші ашылды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі үздік эскиздік жобаға конкурс жариялап, нәтижесінде мүсінші Бақытжан Әбішев жеңімпаз атанды. Түрік көшбасшысының мүсіні қола мен граниттен құйылды. Оның биіктігі – 4,4 метр, салмағы 5,5 тонна тартады. Монумент Есіл өзенінің жағасындағы гүлбақта, «Қараөткел» көпірінің төңірегінде орналасты.

Бұл ескерткіш түбі бір бауыр­лас елдердің ынтымағын одан әрі нығайта түсті. Бұған дейін Түркияның орталығы Анкарада Абайдың, Мұхтар Әуезовтің және Мағжан Жұмабаевтың ескерткіштері бой көтерді.

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН  ҚАЖЫЛЫҚҚА ҚАЛАЙ ҚАРАДЫ?

Халқымыз «Ел іші – алтын бесік» деп жай айтпаса керек. Қырық жыл қырғын болса да, Алаш көсемін – Әлиханын ұмытпаған қазаққа бас июге тиіспіз. Әлекең туралы бір тағылымды әңгімені жақында түбі қарқаралық Райхан Шәріпқызынан естідік.

Бұл кісінің атасы Төлеубай кезінде Меккеге барып, қажы атанған екен. Осы сапарда Қара теңіз жағасында Әлихан Бөкейханмен ұшырасыпты. Бұған байланысты Райхан бүй дейді:

«Сірә, Төлеубай атамыз Әлиханға үлкен сапарға барар жолда жолыққан. Әлихан да ол жақта саясат мәселесімен жүрген болуға тиіс. Қажылық сапар шеккен адам әр жерде садақа беріп, екі дүниенің обал-сауабын ойлайды ғой. Пітір-садақа беріп жатқанын көрді ме, жоқ солай жасағанын өзі айтты ма, әйтеуір, Әлихан біздің атамызға: «Жат жұрттың бейшараларынан бұрын әуелі қазақтың қалың жарлы-жақыбайын тойындыр­мадыңыз ба?!» депті…

Ел тойынуын қажы сапарымен байланыстырған Алаш көсемінің сөзі, Мағжан ақын айтқандай, даланың желі, белі арқылы бізге жетіп отыр. Шүкір!

Дихан Қамзабекұлы

12 қаңтар

 ҚАЗАҚСТАН – ЕҚЫҰ ТӨРАҒАСЫ

2009 жылдың 1 қазанынан бастап Қа­зақстан ЕҚЫҰ тұрақты кеңесін басқаруда және қаржы жөніндегі консультативтік комитетінде төрағалық жұмысын жалғастыруда.

Соңғы жылдар ішінде бірінші рет мүше мемлекеттер ұйымның жиынтық бюджетін уақытылы қабылдауын қазақстандық төрағалықтың үлкен жетістігі ретінде бағалаған дұрыс. Оның 2010 жылғы көлемі 150 миллион евроны құрайды. Кешенді халықаралық консультациялар және сараптамалық жұмыстар нәтижесінде қазіргі төрағалық тұрақты кеңес қарауына қажетті құжаттар, баяндамалар және шолуларды ұсынады деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігі.

 7 қаңтар

Ел төрінде қасқайып тұр

1 маусым күні Астанада ­Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ­Қазақ хандығының негізін салушы Керей мен Жәнібекке ескерткіш ашылды.

«Бүгінде тәуелсіздігіміздің бойтұмарына, елдігіміздің рәмізіне айналған асқақ Астананың алғашқы кірпіші осында қаланды. Ордамыз бастапқыда осы жерге орналасып, маңайына маңызды мемлекеттік мекемелер қоныс тепті. Сондықтан біз тұңғыш хандарымыздың тұғырлы белгісін Тұңғыш Президент мұражайы саябағында, Астана қаласы әкімдігі ғимаратының маңында орналастыруды жөн деп таптық» деді салтанатты жиынға қатысқан Елбасы.

Ескерткіш жобасына алдын ала байқау жарияланған болатын. Оған бас-аяғы 10 эскиз ұсынылып, қорытындысында астаналық жас мүсінші Ринат Әбеновтің үлгісі үздік деп танылды. Таза қоладан құйылған ескерткіштің салмағы – 16,20 тонна. Мүсіндердің іргетасынан ұшар басына дейінгі жалпы биіктігі – 12 метр. Түрегеп тұрған Жәнібек хан мүсінінің биіктігі 5,25 метр болса, қазақы ер-тоқымда отырған Керей ханның бейнесі – 4 метр.

1 маусым

 ТӘШЕНЕВТІ ТАНЫП-БІЛДІК ПЕ?

Қоғам кімнің, қандай топтың құрсауын­да болса да, ұлтқа қызмет еткендерге арналған тарих парақшасына өзіндік қолтаңбасын қалдырып кеткен тұлғалар бар.

Солардың бірі – әрине, биліктегі карьерасын құрбан етіп, жеріміздің тұтас­тығын сақтап қалу үшін күрескен Жұмабек Тәшенев.

Тәшенев – әлі күнге тасада қалып келе жатқан тұлға. Қазақ өзінің кешегі өткен тарихындағы тұлғаларды ұлықтай алмай келеді. Ұлт қайраткерлерін ұмытпау – ұлтты ұлықтау. Бүгінгі жағдай бойынша айтқанда, ол – тәуелсіз санаға ұмтылу, рухани тәуелсіздікке талпыну. Қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалу үшін бодан кездің өзінде қайрат танытып, қаһармандық көрсеткен Тәшеневті тәуелсіз шағымызда ұмыт қалдыру – ұтылыс. Ұлттық мүдде тұрғысындағы ұтылыс. Тәуелсіздікке қол жеткізе отырып, тәуелсіз ұрпақ тәрбиелеу жолындағы шегініс. Ал бұл… кімге керек? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, биыл аты аңызға айналған біртуар тұлға Жұмабек Тәшеневтің туғанына 90 жыл толып отыр… Дүниеден озса да, оны «Халық қаһарманы» атануға лайық деп айта аламыз.

Нәзира Байырбек

13 наурыз

АСТАНА  МӘРТЕБЕСІН АСҚАҚТАТҚАН

1 желтоқсан күні Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана саммитін ашты. Саммитке барлық құрлықтан 75 елдің делегациясы қатысты.

Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерация­сының Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федералдық канцлері Ангела Меркель, Италия Премьер-министрі Сильвио Берлускони болды. 25 қарашада Қазақстанда жаңа «Саммит ТВ» телеарнасы өз жұмысын бастады. Ол қазақстандық алғашқы спутниктік арна «Caspionet» базасында құрылды. «Саммит ТВ» тәулік бойы тек қана ағылшын тілінде хабар таратты. Алқалы жиын ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясының қабылдауымен қорытындыланды.

1 желтоқсан

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button