Астанада Ақтөбе драма театрының гастролі өтіп жатыр

Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры алғаш рет Астанаға гастрольдік сапармен келді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
9–11 қазан аралығында театр әртістері Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында өз өнерін көрсетеді.
Бұл сапар – өңір мәдениетінің өрісін кеңейтіп, Ахтанов театрының шығармашылық әлеуетін жаңа биікке көтеруді мақсат еткен ерекше мәдени оқиға.
9 қазан күні сапар шымылдығы Әлия Дәулетбаеваның «Әлия» мюзиклімен түрілді. Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған бұл қойылым – Ахтанов театрындағы мюзикл жанрындағы тұңғыш туынды. Батыр қыздың рухы мен нәзік жүрегіндегі күресті бейнелейтін спектакльде ерлік пен адамдықтың, жеңіс пен жеңілістің шынайы суреті көрініс табады. Басты рөлді – талантты жас актриса Ажар Жәрденбекқызы сомдады, ал қойылым режиссері – Есләм Нұртазин.
Бүгін М. Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты сахналанды. Бұл туындыда қазақ даласының байырғы дәстүрі мен аңшылық мәдениетінің философиясы қарт аңшы мен оның серігі – тазы арқылы өрбиді. Қойылымда ұлттық құндылықтарға деген құрметтің әлсіреуі мен замана ағымының адам болмысына әсері терең суреттеледі. Қойылымның режиссері – республикалық деңгейдегі үздік қоюшы Мейрам Хабибуллин.
Театрдың елордадағы гастролі 11 қазан күні «Турандот» трагикомедиясымен аяқталады. Шығыс шайыры Низамидің ертегілері мен италиялық драматург Карло Гоццидің дель-арте стиліндегі шығармасы негізінде сахналанған. «Турандот» – махаббат пен өрлік, ақыл мен айла тайталасқан көркем әлемге жетелейді. Қойылымның режиссері – халықаралық деңгейде танымал, креативті ойлауымен ерекшеленетін Әлібек Өмірбекұлы.