Басты ақпаратЕл тынысы

Екі ел қатынасының жаңа белесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кездесті. Келіссөзге дейін Ақорда резиденциясында Мажарстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылы ротасының бастығы президенттерге рапорт берген соң екі елдің әнұрандары шырқалды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок келіссөз залына барды. Одан әрі екі ел делагация мүшелерінің қатысуымен келіссөздер кеңейтілген құрамда жалғасты.

Әлеуеті зор ықпалдастық

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен жүргізген келіссөзі екі елдің делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасты. Мемлекет басшысы Астана мен Будапешт арасындағы тығыз әрі сенімді қарым-қатынас ғасырлар қойнауынан тамыр тартатынын және өзара құрметке негізделгенін атап өтті. Қазақстан Президенті өткен жылы Мажарстанға жасаған сапары бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылуымен ерекшеленгенін жеткізді. Бұл екі ел арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен бауырлас­тық байланыстарды нығайту үшін жаңа перспективаға жол ашты.

Мемлекет басшысының айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың берік негізі мен зор әлеуеті бар. «Былтыр тауар айналымы шамамен 200 миллион долларға жеткенін, ал биылғы сегіз айда 22 пайыз өскенін (164,5 миллион доллар) ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан экономикасына 400 миллион долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр. Біз қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия, денсаулық сақтау, логистика мен қаржы салаларында 607 миллион долларға бағаланатын 20 бірлескен жобаны іске асырып жатырмыз» деді Қазақстан ­Президенті.

Тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне мән берді. Халықтарымыздың тарихи жақындығы мен бауыр­ластығының дәлелі ретінде 2023 жылы Астана көшелерінің біріне көрнекті мажар ақыны Шандор Петефидің есімі берілген болатын. Президент жыл сайын еліміздің 250 студенті мажар университеттерінде оқитынына тоқталып, білім алмасудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындары да мажарлық студенттер мен зерттеушілерді көптеп қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Тамаш Шуйоктың айтуынша, Қазақстанмен жан-жақты байланыстарды дамыту Мажарстанның сыртқы саясатында айрықша орын алады. «Халықтарымыздың сан ғасырдан бері жалғасқан байланысының тіні берік екенін ұдайы байқап жүрміз. Мажарлықтар өздерінің шығыстағы түп тарихына әрдайым қызығушылықпен қарайды. Сондықтан еліміз Шығыс пен Батыс, Орталық Азия мен Орталық Еуропа арасындағы алтын көпір ретінде миссиясын үнемі атқарып келеді. Президент мыр­за атап өткендей, 2014 жылы Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылып, бұл қарым-қатынасымыздың негізін қалады. Экономикалық ынтымақтастықтың аясы кеңейіп келе жатыр. Ал мәдениет пен білім саласындағы ықпалдастығымыз көп жұртқа үлгі. Бұл артық айт­қандық емес. Қазақстанмен байланысымызды стратегиялық тұрғыдан маңызды деп санаймыз әрі жоғары бағалаймыз. Қазіргідей дағдарыс кезеңінде Шығыс пен Батыс арасындағы ынтымақтастық айрықша мәнге ие бола бастады» деді Мажарстан Президенті.

Келіссөз барысында сауда-инвестиция, энергетика секторы, атом энергиясы, көлік-логис­тика, қаржы, цифрландыру және жасанды интеллект секілді салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері кеңінен қарастырылды. Мемлекеттер басшылары халықаралық саясаттың басты мәселелеріне қатысты екі елдің ұстанымдары ұқсас және көпжақты форматтағы тығыз ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев ­Тамаш Шуйокты Қазақ елінде қарсы алу үлкен мәртебе екенін, халқымыз Мажарстан Президентін аса көрнекті мемлекет қайраткері, парасатты басшы, беделді тұлға деп қабылдайтынын атап өтті. «Сіз сарабдал саясатыңыз арқылы Мажар елінің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетуге, халықаралық сахнадағы беделін нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз Мажарстанның Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет екенін еш уақытта ұмытпаймыз. Ал егемен ел ретінде Еуропада тұңғыш елшілігімізді Будапешт төрінде ашқанымыз ерекше символдық мәнге ие» деді ­Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елді тереңнен тамыр тартатын ортақ тарих, ұқсас мәдени құндылықтар, бекем достық байланыстыратынын айтты. «Қазақ халқы Мажар елімен орнаған ерекше қарым-қатынастарды қашанда үлгі тұтады, қастерлейді. Бүгінде сан қырлы екіжақты ықпалдастық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болатын стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісіне айналды. Жаңа ғана Өзіңізбен өткен мазмұнды келіссөздеріміз екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын растады. Елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстың аясын кеңейтуге мүдделі. Біз қол жеткізген маңызды уағдаластықтар қазақ-мажар ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деп сенемін» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ­Тамаш Шуйоктың Қазақстан мен Мажарстан арасындағы серіктестікті нығайтуға қосқан сүбелі үлесін, жеке қолдауын өте жоғары бағалайтынын жеткізді. «Екі ел арасындағы байланысты күшейту жолындағы еңбегіңізді және айрықша рөліңізді ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Дос­тық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының Өзіңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілі. Сондай-ақ осы жоғары марапат халықтарымыздың мәңгілік бауырластығының тағы бір символы болады деп сенемін» деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Мажарстан Президенті көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Тамаш Шуйок әрқашан қазақ-мажар достығына қолдау көрсететініне назар аударып, Орталық Азия мен Еуропа арасында дәнекер болуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

ТАМЫРЫ БІР АҒАЙЫН ЖҰРТПЫЗ

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Мажарстан президенттері БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Мажарстан Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапарын екі ел қарым-қатынасының жаңа белесі деп қабылдайтынын айтты. Сонымен қатар Астанада өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумына арнайы келіп қатысқаны және жасанды интеллект жөнінде ой-пікірін бөліскені үшін Тамаш Шуйок­қа шынайы ризашылығын білдірді. «Біз – тамыры бір ағайын жұртпыз. Мажарстан – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдің бірі. Сондай-ақ бізбен стратегиялық әріптестік орнатқан Еуропа Одағындағы тұңғыш мемлекет. Қазақстан егемен ел ретіндегі алғашқы елшілігін Будапешт қаласында ашқан болатын. Бүгінде елдеріміз арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде жүріп жатыр. Мемлекеттеріміз барлық салада ашық әрі өзара сенімге негізделген байланыс орнатты. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Екі елдің қарым-қатынасына арқау болған шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйым­дар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Былтыр қарашада Будапештке жасаған мемлекеттік сапарымның қорытындылары – осының айқын дәлелі. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін. Осы оң үрдіске Мажарстан Президентінің қосқан елеулі үлесін өте жоғары бағалаймын. Сондықтан бүгін жоғары Мәртебелі Президент Тамаш Шуйокты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау мен үшін үлкен мәртебе болды» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйокпен кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөздер жүргізіп, ықпалдастықты күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелескенін жеткізді. Тараптар сауда-экономика саласындағы байланысты дамыта түсу қажет екеніне баса назар аударған. «Былтыр екі елдің алыс-берісі 200 миллион доллар шамасында болды. Келешекте оны 1 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Мажарстан соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 385 миллион доллардан астам инвес­тиция салды. MOL компаниясы Қазақстанның газ саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Күн тәрбінде тағы да басқа ауқымды жобалар бар. Елімізде UBM Group, Gedeon Richter, Globalia сияқты алпауыт компаниялар да жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда 20 ортақ жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біз инвестициялық қарым-қатынас­тарымызды одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. Осы ретте, энергетика, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі бағыттағы ықпалдастығымызды арттыруға уағдаластық» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында халықаралық көлік дәліздерін, логистика инфрақұрылымын дамытудың маңызына мән берілген. «Биыл Шымкенттен Будапештке тікелей әуе қатынасы ашылды. Енді екі ел астаналары арасындағы әуе қатынасын қайта орнату мүмкіндігін қарас­тырамыз деп келістік. Келіссөз аясында жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңыздылығына баса мән бердік. Осыған орай, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздік. Оған қоса қаржы саласына қатысты тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстанда жұмыс істеуге ниет­ті мажар компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенімізді жеткіздім. Екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы және Іскерлік кеңесі осы мәселеге баса мән беруі қажет деп санаймын» деді Мемлекет басшысы.

Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды қазақ-мажар қатынасының алтын арқауы деп атады. «Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту айрықша маңызды. Сондықтан мәдениет, білім-ғылым саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аудардық. Қазіргі таңда мажар елінің үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның мыңнан астам студенті білім алып жатыр» деді Президент.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button