
ШЕКАРАСЫ ШЕГЕНДЕЛДІ
18 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы» шартқа қол қойылды.
Осы шартта «мемлекеттiк шекара» терминi ретінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының құрлықтағы, судағы, жер қойнауындағы және әуе кеңiстігіндегі аумақтарының шектерiн белгiлейтiн сызықты және осы сызық бойынша өтетiн тiк түскен кеңiстiк белгіленді. 2006 жылдың 12 қаңтарында күшіне енген құжатта халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормалары, атап айтқанда, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығы принциптерi, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек көрсету туралы 1992 жылғы 25 мамырдағы шарт, XXI ғасырға бағдарланған мәңгілiк достық және одақтастық туралы 1998 жылғы 6 шiлдедегi декларацияның ережелері басшылыққа алынды.
ӘУЕЖАЙДЫҢ ЖАҢА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕРМИНАЛЫ
2 ақпан күні Астана әуежайының жаңа халықаралық терминалының ашылу салтанаты болды.
Есігін айқара ашқан жаңа аэровокзал кешенінің ішкі пішіні асқақтап тұрған шаңырақ түрінде кескінделіп, төңірегі қазақтың қошқармүйіз оюымен өрнектелген. Жаңа жолаушылар терминалының ғимараты бес деңгейден тұрады. Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Биіктігі – 34 метр. Жаңа терминал 6 телескопия сатыларымен жарақталған. Боинг-747, 400-ді қоса есептегенде, барлық ұшақ түрін қабылдай алатын халықаралық желінің жаңа перроны іске қосылған. Аэровокзал сол уақытта бір мезгілде 750 жолаушыны қабылдады.
«ЖЕҢІС» ПОЙЫЗЫ АСТАНАҒА ЖЕТТІ
26 шілде түс ауа Астана қаласының теміржол вокзалына «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай соғыс және тылда еңбек еткен ардагерлерге көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Жеңіс» мерекелік пойызы келді.
Сәуірдің 26-сы Шу стансасынан өз сапарын бастаған қайырымдылық пойызы үш ай бойы республиканы аралап, Астанада соңғы аялдамасын жасады. Аталмыш пойыз Астанаға келгенде, теміржол вокзалының алдында мәдени шара өтті. Оған соғыс және тылда еңбек еткен ардагерлер мен қала жұртшылығы қатысып, мерекелік пойыздың құрамындағы теміржол компаниясы қызметкерлерімен бірге қайырымдылық шараға қатысқан Тараз қаласының «Мерей» тобы мен Астана қаласы мемлекеттік филармониясы әншілерінің өнерін тамашалады. «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-тың солтүстік аймақ бойынша өкілі Амангелді Қасымов, соғыс ардагері Қаматай Тоқабаев пен пойыздың жетекшісі Руслан Барбосов сөз сөйлеп, қайырымдылық шарасының маңызы жөнінде өз ойын жеткізді.
ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН ЕСІМІ БЕРІЛДІ
2004 жылы ЮНЕСКО шеңберінде академик Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 шілдедегі №690 қаулысымен елордадағы №40 мектепке академик Әлкей Марғұлан есімі берілді.
Білім беру ошағы Астана қаласы әкімінің 2005 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен «Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектеп» мемлекеттік мекемесі атауын алды. 2005 жылдың қазан айынан бастап мектепте Әлкей Марғұлан мұражайын ашу ісі қолға алынды. Ғұлама ғалым туралы деректер мен тарихи құжаттар жинақталып, ғалымның қызы Дәнел Әлкейқызымен хабарласып, мектепте мұражай ашу жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылды. 2006 жылғы 11 мамырда академик Серік Рүстембековтің демеушілігімен Әлкей Марғұлан мұражайы ашылды.
ТІЗГІНІН ТАРТА МА?
Осы бір жан ауыртар мәселе бүгінде ақпарат құралдарының негізгі мән беріп отырған тақырыптарына айналған.
Өйткені халықтың тұрмыстық қажетін қанағаттандыруға қызмет ететін «Астанаэнергия», «Қалалық электр желісі», «Астанажылутарату», сумен қамтамасыз ету сияқты монополист кәсіпорындар сәуірден бастап бағаны шарықтата көтеруді ұстанып отыр. Ал бұл елорда тұрғындарының еңсесін басып, алаң көңілін туғызуда. Мұнда негізсіз деудің реті жоқ. Себебі өмір сүрудің, кедейшіліктің, зейнетақының және тағы басқалардың ең төменгі шекті мөлшеріне назар салсақ, бұған көзіміз анық жете түседі. Қазіргі кезде Астана қаласында өмір сүрудің ең төменгі шегі – 6499 теңге, кедейлік – 2553 теңге, тапшылықпен тіршілік етіп жатқан 2900 адамның өмір сүруге жұмсайтын күн сайынғы жиынтық қаржысының шығыны 85 теңге екен.
Аманкелді Жұмабек
2 наурыз
ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ ҚАМҚОРЛЫҚҚА ЗӘРУ
Астана бүгінде шарықтап тұр. Арманның ақ бесігіне де айналды.
Бас қаланың мәдениет пен өнер әлемі тынымсыз тіршілік үстінде: той-мереке, сайыс-жиын толассыз өтеді, алыс-жақыннан ат арытқан өнерпаздардан сахналар да босамай тұр. Бірақ төрткүл дүние көз тіккен жас елорданың рухани реңіне ұлттық болмыс, ұлттық өнерге деген жанашырлық жетпей жатқаны жасырын емес. Оның бір көрінісін Астанадағы жалғыз қазақ театрының жағдайынан-ақ байқауға болады. Классикалық сипаттағы, тарихи тұрғыдағы ірі шығармаларды сахналау үшін де кең сахна, үлкен зал керек екені даусыз ғой. Ал Астанадағы жалғыз қазақ драма театры тек 200 адамға лайықталған. Өткен жылдары кеңейткендей болып еді, бәрібір «тар құрсаудан» шыға алмай-ақ қойды. Жарты миллионнан астам тұрғыны бар елордаға тұрқы шағын театрдың қызмет етуі күлкілі екені түсінікті.
Қымбат Тоқтамұрат
8 сәуір
ҚҰЛ БАЗАРДЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
Орталық базар. Құмырсқаның илеуіндей құжынаған халық. Қым-қуыт тіршілік, қыз-қыз қайнаған сауда.
Біреуі нан табу үшін, біреуі жан бағу үшін арпалыс. «Дорогу, дорогу» деп арбасына теңдеп жүк тиеген қазақтың баласы ышқына айқайлап келеді. Кесе-көлденең өтіп жатқан адамдар оны елер емес. Қара базардың жанында екі қолға бір жұмыс іздеп жүрген жандар қоныс тепкен алаң бар. Негізінен, қазақ жігіттері тұрады.
Азамат Есенжол
20 мамыр
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ КӨШУГЕ ӘЗІР МЕ?
Қала әкімдігінің кезекті лездемесі өтті. Оған елорда әкімі Өмірзақ Шөкеев төрағалық жасады.
Лездемеде Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы елордада 2001-2010 жылдарға арналған тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының орындалуы жөнінде баяндама жасады. Қазіргі уақытта қаланың мемлекеттік органдарында 892 қызметкер жұмыс істейді екен. Оның ішінде мемлекеттік тілде жаза алатыны – 216 адам. Сөйлей алатыны – 414 адам. Ал қазақ тілінен мақұрым қалғандардың саны 157 адам екен.
Мағжан Садыханұлы
6 маусым
ӨНЕГЕЛІ ҚАРТТАР НЕГЕ АЗ?
Жұмыстан шыққан бетте аялдамада автобус күтіп тұрған едім. Бір мезетте аяғын әрең басып, теңселген екі қарт аялдамаға келіп, жанымызға жайғасты.
Отырған мезетте жағымсыз иісі шыққан екеуі де ерсі қылықтар көрсетіп, аялдамадағы елдің есін шығарды. Ол аз дегендей, араққа бөккен ақсақалдар ауызға келгенін ағытып, былапыт сөздерімен жан-жағындағылардың жағасына жабыссын… Енді бірде тойда асаба ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізден отау тіккен екі жасқа бата беруін сұрады. Әжелеріміз бен аталарымыз батасын беріп келе жатып, сөз соңында: «ал енді сол үшін алып қояйық» деп тойшыл қауымға «мөлдіреген суын» алғызып жатты. Айта берсек, қазақтың кейбір қарттарынан көңіл қалар жайттар аз емес. Сонда дейміз-ау, олар осындай іс-қимылдарымен өскелең ұрпаққа қандай өнеге-тәрбие береміз деп ойлайды екен?..
Рима Біләлқызы
29 шілде
КИІКТІҢ ЖОЛЫН КІМ ҚИДЫ?
«Киік көргендерің бар ма?» деушілерге айтарымыз: 2005 жылы зоология институты мамандарының жүргізген санағы бойынша Қазақстандағы ақбөкендердің жалпы саны шамамен 39600-ге жетіпті» деп жазады С.Әбдісадықұлы.
2006 жылғы санақ бойынша Бетпақдаланы 16 мың, Батысты 10-12 мың, Үстіртті 16 мыңға жуық киік мекендейтін көрінеді. Аз екені аз. Бірақ тұқымының жойылып немесе бозбеткейлі шұрайлы даламыздың көз тоймайтын көркіне айналған жануардың басқа жерлерге мекен ауыстырмағанын қанағат тұтамыз.
8 тамыз
ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ ЕРЛІК ПЕ, ӘЛДЕ…
Оңтүстікте қызық салт бар. Басқа өңірдегілерге ерсі көрінуі де мүмкін.
Оңтүстіктің жігіттері қыз алып қашуда алдыңғы орында екені даусыз. Психологиясын барған жерге «судай сіңіп, тастай бату» әбден меңдеп алған соң, қазақ қызы көнеді. Түсінікті тілмен айтқанда, «кіммен қарайса, сонымен ағаруға» қыздар өздерін саналы түрде тәрбиелеп алған. Қазақы тәрбиенің өзі біраз мәселенің басын қаузайды. «Көнбеймін, бірінші рет көріп тұрған адамыма қалай барамын?» деп жылаған қызға «біздің бетімізге таңба болады, барған жерден қайтып келген қыз атанасың» деп көндіріп кететін аға-жеңгелер де кездеседі. Жүрегінде қаншама нәзік арманы бар, сүйгенінің жолын тосып жүрген қыздың бүкіл өмірі басқа арнаға бір-ақ күнде бұрылып кете барады. Иә, «есік көргенді алма, бесік көргенді ал» дейтін даналық сөзіміз қаншама қаракөздердің өміріне шуағын шашып қана қоймай, болашағына балта шапты. Шуағын шашқаны – «есік көрген атанып қалмайын» деп өзіне-өзі асқан жауапкершілікпен қарап, жаман қылықтардан тыйылып, абырой таппайтын жерге аяқ баспай тұрып ақ босағаны адал аттаған қыз-келіндердің бары. Ал болашағын балталағаны – досына сенем деп немесе тал түсте көшеден ұрланған, тіпті болмаса жеңге арбауына түскен жазықсыз қыздың кейінгі өмірі. Ерімен тіл табысып, бақытты отбасы болып кететіндері де баршылық. Алайда бір-бірінің мінезінен мүлде бейхабар жандардың жараспай, артынша ажырасып жататыны жиі кездесетіні тағы бар.
Гүлжан Рахман
9 қыркүйек
ИІН ТІРЕСКЕН ҮЙЛЕР
Кең жазық сайын дала төсінде орналасқан жаңа астананың қай бағытта да қанатын кең жайып, өсіп-өркендеуіне мүмкіндік жеткілікті. Ол туралы отандық та, шетелдік те сәулетшілер талай-талай айтып жүр.
Бірақ елордада қаланың тынысын тарылта түскендей бір-біріне иін тіресе, қыстырыла-қымтырыла салынып, сонысымен айналасын тарылтып тастаған ғимараттар аз емес. Ондай үйлер әсіресе Есілдің оң жақ жағалауындағы аудандардың бәрінде бар. Оларда аядай жерден кешегі кеңестер кезінде салынған ескі үйлермен бірге кейін салынған жаңа үлгідегі мектеп пен балалар бақшасын, супермаркетті, көп қабатты биік үйлерді де көруге болады. Ондай жерлердегі тұрғындардың жағдайын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Терезені ашып қалсаңыз, көсіле созылған кең көшені емес, төніп тұрған көрші үйдің терезесін көресіз.
Төлеубай Ілдебаев
16 қыркүйек
БАСПАНА, КАЗИНО, ТЕРІС РУЛЬ
Көп ұзамай тарих табалдырығын аттайтын алдағы жаңа жыл біздің елімізде бірқатар жаңалықпен басталғалы отыр.
Олар, атап айтқанда, 1 қаңтардан бастап баспаналы болғысы келетіндерге бірқатар жеңілдік жасалмақ, казинолар мен түнгі клубтар ірі қалалардан сырт шығарыла бастайды және рулі оң жақта орналасқан автокөліктерге тыйым салынады. Бұл мәселелер алғаш үстіміздегі жылдың 13 қарашасында өткен Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде көтерілген. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке тұрғын үй құрылысы саласында тәртіп орнатуды, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру туралы мемлекеттік бағдарлама қабылдауды және Парламентке ұсынылған ойын бизнесі туралы заң жобасының жетілдірілуін қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Төлеубай Ілдебаев
23 желтоқсан