«Жұлдызай» жұлдызын жаққандар

Астанада мүмкіндігі шектеулі және ерекше балалардың өмірін жақсартуға, спортқа деген қабілетін дамытуға бағытталған «Жұлдызай» республикалық ұлттық инклюзивті ойындары өтуде.
Аталған бәсекеде еліміздің 17 облысы мен 3 мегаполисінен 10-16 жас аралығындағы 542 спортшы бас қосты. Ойынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин іс-шара еліміздегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы бірегей жоба екенін айтып өтті.
2016 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл шарада 2024 жылмен салыстырғанда биыл спорттың саны 7-ден 9-ға көбейген. Сондай-ақ жобаға жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, бес тас, асық ату, тоғызқұмалақтан бөлек, шоудаун мен бочча жаңадан енгізілген.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында спорт және дене шынықтыру қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс, ал ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін олардың дамуы мен толыққанды өміріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, арнайы клубтар мен оңалту орталықтарын құру қажет деп айтқан болатын. Осы жерде сіздерге өз өмірімдегі тәжірибемді айтқым келеді. Ең бастысы, чемпион болуға ұмтылыңыздар. Тынымсыз еңбек, мақсат болған сәтте ғана сіздер биік шыңдарды бағындырасыздар. Сіздер Қазақстанның болашақ үмітісіздер!» дейді пара жүзуден Рио Паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина.