Өнері – ізгілік мекені

Ұлттық музейде белгілі қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбайдың 70 жас мерейтойына және шығармашылығына 50 жыл толуына орай «Өнерім – ізгілік мекені» атты көрмесі ашылды. Көрме 22 қазанға дейін жалғасады.
Қазақ өнері мен мәдениетінің, әдебиеті мен журналистикасының белгілі тұлғалары, саяси және қоғам қайраткерлер жиналған іс-шараның мақсаты – суретшінің өнер әлеміндегі айрықша қолтаңбасын, көркемдік ізденістерін, ұлттық бейнелеу өнеріне қосқан сүбелі үлесін көпшілікке кеңінен таныстыру; экспозиция арқылы қылқалам шеберінің шығармашылық эволюциясын көрсету, мәдени құндылықтарды насихаттау және жас ұрпаққа рухани-эстетикалық тәрбие беру, Қазақстан өнерінің халықаралық деңгейдегі мәртебесін айқындау.
Ерболат Төлепбай әлемнің көптеген елінде 38 жеке көрме ұйымдастырып, Қазақстан өнерін халықаралық деңгейде насихаттады. Ел мәдениетінің дамуына айрықша үлес қосып, Жоғарғы Кеңес депутаты, Суретшілер одағы жастар бірлестігінің жетекшісі болып жас буынға жол ашты.
Көрменің ашылу салтанатына Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, ізгі лебізін арнады.
– Ерболат Тоғысбайұлы – қазақ бейнелеу өнерін дамытуға үлкен үлес қосқан дарын иесі. Ол ұлттық бояуды Еуропа және Азия мәнерімен шебер ұштастыру арқылы қазақы сюрреализмнің негізін қалауға жол ашты. Сондықтан отандық көркемсурет саласына жаңалық әкелген суретшінің көрмесі бүкіл қазақ мәдениеті мен руханияты үшін айтулы оқиға деуге толық негіз бар.
Шын мәнінде, қылқалам шеберінің қай картинасын алсаңыз да үлкен ой, терең философия жатыр. Әсіресе, көшпелілер дәстүрі мен дала даналығы арқылы суретші ұлттық код, тарихи сана, сабақтастық сияқты құндылықтардың маңызын ерекше дәріптейді.
Ерболат Төлепбайдың бұған дейін әлемнің ондаған елінде жеке көрмесін өткізіп, Венециядағы әйгілі заманауи өнер биенналесіне қатысуы да қазақ мәдениетін насихаттауға қосылған зор үлес екені сөзсіз.
Алдағы уақытта бұл көрме, жалпы суретшінің шығармашылығы ұлттық бейнелеу өнерінің тұғырын одан әрі биіктетуге тың серпін береді деп сенеміз және соған тілектестігімізді білдіреміз, – деді Сенат спикері.
Экспозицияға суретшінің әр кезеңдегі таңдаулы туындылары қойылып, көрермен назарына кескіндеме өнерінің сан түрлі бағытын қамтыған шығармалары ұсынылды. Оның картиналары көрерменді өмірдің мәнін, адамның тағдырын, қоғамдағы орнын сезінуге жетелейді. Ал философиясы – адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеу, сенім мен позитивті энергия сыйлау.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ