Балалық бақтың бағбаны
журналист-жазушы Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» кітабын оқығаннан кейінгі ой...

Төлен Тілеубай – елімізге танымал публицист-журналист. Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасынан бастап қаламын қолына алған, ақпарат майданында жүрген кәнігі жорналшы деуімізге толық негіз бар. Айталық, «Сана», «Ақжол, Қазақстан», «Жас қазақ үні», «Алтын орда», «Жас қазақ», «Астана ақшамы» секілді аймақтық-республикалық басылымдарда журналистік қызмет атқарған Төлен төрт кітаптың авторы. «Аласапыран Америка», «Тәуелсіздік – тұмарым», «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» және төртіншісі «Түлкілітаудың аспаны» деп аталатын кітаптары Төленнің қаламгерлік қырын танытатын талай жылғы еңбегінің жиынтығы іспетті.
Бүгін біздің сөз еткелі отырғанымыз, осы төртінші кітабы – «Түлкілітаудың аспаны». Бұл – прозалық шығармалар жинағы. Бір повесть, үш әңгімеден құралған. Ұзақ жылдар журналист болып жүріп, жазушылыққа бет бұру – табиғи заңдылық. Өйткені жорналшы да – қаламгер, яғни ол да қолына қалам ұстап жазады, ойланады, толғанады. Кейіпкерлер іздейді, олардың өмірлік-тағдырлық болмыс-бітімін суреттейді, насихаттайды. Осы тұрғыдан келгенде алғашқы повестегі бас кейіпкер – Төленнің өзі. Автор өзінің балалық шағына саяхат жасаған. Мұндай шығармашылық үрдіс көптеген жазушыларда кездеседі. Мәселен, Бердібек Соқпақбаев, Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, тағы басқа қаламгерлер өзінің балалық шағынан керемет шедевр туындылар туғызған. Осы шығармашылық дәстүрді біздің Төлен де берік ұстанып, сонау алыста қалған балалық жылдарына ат басын бұрған екен. Әрине, қуанарлық, құптарлық жайт. Орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский: «Балалық шақтан қалған жақсы естеліктерің неғұрлым көп болса, соғұрлым сен бақыттысың» — дейді. Расында да балалық шақтың базарында адамның бар бақыты қалып қояды екен. Бүгінгі күннің, қазіргі өмірдің де түп-тамыры, бар қызуы сонда жатыр, сонан бастау алған.
Аталмыш хикаятта Әмір есімді бас кейіпкер шығарманың өн бойында арманшыл-қиялшыл, нәзік сезімімен өмір сүреді. Өз жүрегін тыңдап, сонан іс-әрекетке көшеді. Яғни, ақылды бала. Ұлт ұғымындағы «болар бала…». Әмірдің әлемін ашатын кішкене детальдар мен шағын штрихтардың барлығы да бір-бірімен тығыз байланысып, мөлдір лиризмге ұласқан. Лирикалық прозаның үстіңгі фонында табиғат үнемі тұрады және сол табиғат аясында бар іс-әрекет туындап жататын секілді. Повесть – Әмірлердің жаңа ауылға көшіп келуімен басталады. Оқиғаның негізгі өзегі осы жаңа ауылда, сонда өткен балалық шақта жатыр. Ауылда туған адамның қалада тұрса да бір бүйрегінде ауыл тұратыны сөзсіз. Кейінгі кезде бір тамаша ән шықты. Сөзі де керемет. «Ауылдан адам көшкенмен, Адамнан ауыл көшпейді» дейді. Әлгі бүйректе жатқан ауыл – осы ғой… Төлен де туған ауылын, сонда өткен балалық бал күндерін «Түлкілітауға» жинақтаған екен. Шығарма шынайы түрде оқырман қауымға түсінікті тілде жазылған. Қарапайым ауылдың тірлігі, сол кезеңнің нақты суреті көз алдымызға бірден елестеп, өзің де сол балалық шағыңа барып қайтқандай боласың.
Алты тараудан тұратын бұл хикаяттың тақырыптарының өзінен болар оқиғаның елесі көрінетіндей. Мәселен, 1. Ескі достармен қоштасу. Жаңа ауыл. Өзендегі оқиға. Көмір қораның тұтқындары. Әмір мектепке барады. Газет-журналдардың иісі. Ойыннан шыққан от. Тоқылдақ. 2. Түлкілінің түлкісі. Бүлдірген тере барғанда. Көмейдің құпиясы. Кежек атауы қайдан шықты? 3. Ананың алақаны. Сүйкімді күшік. 4. Сарыарқаның кіндігі қай жер? Әмір – шөп тиеуші. 5. Мен саған ғашықпын! «Лагерьден қашу» операциясы. 6. Сынықшының сыры. Ауыл түтіні. Осылай тырналар тізбегіндей тақырыпшалар – үлкен өзенге жан-жағынан жамырай қосылған жылғаларға ұқсайды. Бәрі жиылып, толық тақырыпты тудырып, тұтастық танытқан. Ауыл тақырыбы, сол ауылдағы балалықтың бал дәуренінен сыр шертетін шығарманың мазмұны тәлім-тәрбиеге толы. Бұған қоса, еңбектің екпінді майданы да ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлес қосқан. Әр эпизодтан сыршыл сезім, балаға тән періштелік аңсар-мұрат аңғарылады. Бала монологы мен түс көру тылсымын да өте сәтті қолданған. Туған жердің тартылыс күшін, даланың ыстық құшағын, ауыл адамдарының мейірбан жүрегін дәл көрсетіп, қаз қалпында бере білген. Олай дейтінім, біз де ауылда туып-өстік. Төлен айтып отырған осы кітаптың өн бойындағы барлық іс-әрекет басымыздан өткен. Мұның бәрі – бұрынғы кездегі ауылдың қарадомалақтарына тән табиғи құбылыс. Сонау Бердібек ағамыздың «Қожасынан» келе жатқан игі дәстүр десе де болады. Тек, әр автор оқырманға қалай жеткізеді? Мәселе – осында! Осы тұрғыдан келгенде, Төлен сол ауыл балаларына тән оқиғаларды қайталағанымен, өзіндік жол да таба білген. Мәселен, «тоқылдақ құру», «қораға қамалу», «лагерьден қашу» секілді іс-әрекеттер бұрынғы белгілі шығармалардан байқалмады-ау деймін…
«Түлкілітаудың аспаны» хикаятында басты орында тұрған үлкен мәселе – ұрпақ тәрбиесі. Ол – Сұраған әкенің ақылды әңгімесінен және Күлғайша ананың ерекше мейірімі арқылы көрінеді. Сонымен бірге балаларға табиғаттың да берер мүмкіндігі мол екендігін көрсеткен. Туған жер, кең дала, өзен-көл, тау мен орман секілді табиғат байлықтарының өзі адамға көп көңіл сыйлайтыны белгілі ғой. Табиғат аясындағы барша іс-әрекеттер адамды сұлулыққа, әсемдікке жетелейтіні бұл шығарманың негізгі өзегі іспетті. Шығармадағы алтын арқау – ауылдағы арманшыл жастың бірте-бірте өмір баспалдақтарынан көтеріліп, адамдық биіктерге қадам басуында десек, артық айтқандық емес. Болашаққа бастар адамдық жолға, кісілік сүрлеуге түсу үшін кейіпкер өз арман-ойымен алысқа сапар шегуге дайын. Қиялына қанат байлап, келешегінің заңғар көгіне самғағысы келеді…
Жинақ соңындағы «Ақбөкен жылаған түн», «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» әңгімелері – табиғат және махаббат тақырыптарына арналған. «Ақбөкен жылаған түнде» табиғатқа деген адамдардың қатыгездігі мен мейірімділгі қабат өріледі. Заңсыз аң аулау, табиғат байлығын талан-таражға салған браконьерлерге қарсы қорықшылардың батыл іс-әрекеттері, дала жануарларына деген жүрек жылуы және осы жолдағы трагедиялық хал-ахуал айтылған. Тығырықтан шығу жолын іздеп шырылдаған жандардың қоғамға дабыл қағуы, билік пен медицина орындарының да осындайда халық жағынан көрінбейтінін жеткізе білген. Ал «Ақ көгершін» мен «Гүлсараның махаббаты» туындыларында қаламгер бір-бірін жақсы көрген жандардың, ғашық болған махаббат иелерінің асыл сезімге кей кезде тұрақсыздығын, ұлы сезім алдындағы дәрменсіздігін де тілге тиек етеді. Осы үш әңгіме арқылы табиғат пен махаббатқа жанашыр болуға, жауапкершілікпен қарауға шақыратын ізгі ой қалдырады қалың оқырманға.
Иә, сонымен, қаламгер Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» кітабы – балалық шақты бейнелейтін мөлдірлігімен, табиғи тазалығымен, ауылға тән қарапайымдылығымен, бозбала мен бойжеткен арасындағы іңкәр махаббат, сыршыл сезімдерімен ерекшеленетін еңбек екендігі сөзсіз.
Оқырман қауымның олжасына айналар жаңа жинаққа ақ жол, сәттілік тілеймін!
Әлімжан Жақан,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі