Ез еркек қайдан шығады?

Бұл сауал ер-азаматты тұқыртып, алтын басының қадірін білмегеніміз не орнымызды білмегеніміз емес. Арда туған азаматқа кір жаққанымыз емес, алайда жалпы ер болсын, әйел болсын, әрқайсысының өз орнын біліп, табиғи болмысынан ажырамасын деген ұғымнан туған ой екенін еске саламыз.
О баста топырақтан жаратылған Адам атамыздың бүгінгі ұрпақтарының ұсақталып бара жатқаны жаңалық емес. Еркекті түздің адамы деп, оның пешенесіне мал табу, бала туғызып, үй салуды таңбалап тастағанын жете түсініп жатқандары аз. Азаматтың үнемі даланың жұмысына алаңдайтыны сондықтан, одан өз орын таппаса алтын шаңырағы да тар көрінеді. Салиқалы әйел болса ер-азаматын тірліктің батпағына езіп, үйінің босағасына байламауға тырысқан. Тіпті, үйден шығып бара жатқан еріне «қайда барасың?», «қалай жетесің?» деп те сұрамаған аналарымыздың үлгісі қай келіннің есінде қалды екен…
Ері осы міндетіне мығым болғанда, отбасы берік, ертеңіне сенімді болады. Еркекке көкезу, тым сөзуар болған жараспайды. Тіпті ызыңдап мазасын алатын әйелінің барлық сұрақтарына жауап берудің қажеті аз. Қайда болдың, кіммен болдың, не істедің деген сұрақтардың жауабын азамат өзі ғана білуі тиіс. Қажет деп санаған нәрсе ғана әйеліне жеткені жөн. Жалпы нәзік жандылардың мүлдем басқа жаратылыс екенін есінде сақтағаны дұрыс. Бір жағынан қарап отырсаңыз, бұл әйелдердің өз пайдасына ғана. Өйткені жұбайының жұмыста немесе басқалармен қарым-қатынаста бастан кешіргені, арасындағы қарым-қатынасы әйелін қатты алаңдатып, кейбір жайттарды өзінше бағауға жеткізіп, қобалжытады, кейде ашуланады. Сол себепті әйелдің өзінің тыныштығы үшін де артық нәрсеге араласа бермегені абзал. Ер адам өмірдің барлық қиындықтарын өз мойнына алып, өз жолына шыдап, оны жеңуі керек. Жаратқан иеміз еркекті сол тұрғыдан жоғары қойды, бұл оның табиғатына тән болуы керек. Әйел шыдамсыздық танытып, осы міндеттерді өз мойнына алып, араласа берсе ақыры қайырлы болмайды. Күйеуінің алдына түсіп, оның шаруасының жартысын өзіне артып алғанның өзінде тез болдырады, ерінен көңілі қалып ерте қартаяды, көңілі суиды.
Әйелін тәрбиелеу күйеуіне байланысты. Мысы бар еркек әйелінің дұрыс екеніне көзі жетіп тұрса да өз ұстанымына берік болғаны жөн. Басқа амалы қалмаса кейінірек ұмыттырып, сол мәселені шешкен күнде де дәл сол заматында «ләббай-құлдық» деп жүгіріп кеткені жараспайды. Ал дана әйелдер ерінің сөзіне көнуі керек екенін, «еркектің өз жолы, өз ұстанымы» барын қабылдайды. Керісінше болған жағдайда, айтқаны болып, мейманасы тасыған әйел күйеуін сыйлаудан қалып, уақыт өте келе «ол еркек емес, ақымақ» деп отағасының киесін кетіреді.
Бақытты отбасы – әйелінің күйеуін жеңуге, тәрбиелеуге, онымен бәсекелесуге ұмтылмайтын отбасы. Ал егер әйелі күйеуін «жеңе» алмаса, отбасы аман қалады. Нәзік жандылардың есте сақтайтын бір нәрсе бар. Яғни, қандай жағдайда күйеуін қорлау, оның кемшіліктерін, уақытша қиындықтарын бетіне басып және отбасылық ішкі өмірі мен қарым-қатынастарын өзгелермен талқылау жақсылыққа апармайды. Егер әйел отбасында билігін жүргізуге ұмтылып, айналасының бәрін бір жұдырықта ұстап, бәріне бұйрық беруге тырысса, азаматының иілмейтін беріктігі бекем болуы керек.
Қазақта беттері ашылған деген сөз бар, сол жаман. Ашу үстінде айтылған сөз, жеген таяқ жүрекке түскен жара сияқты. Ешқашан жазылмайды. Мүмкін ерлі-зайыптылар бірге өмір сүруді жалғастыра береді, бара-бара керісу әдеттеріне айналады. Осылайша екеуара жылулық жоғалып, бақталас жандай арпалысып өтеді.
Бірақ бүгінгі жастарға бұл сөзіміз өтпейтін сияқты. Тіпті әлеуметтік желілерде қазан қайнатқан еркек осы ісіне арланбайды. «Әйелім диванда бетіне маска жағып жатыр» деп мақтанып қоятындары да бар. Ер адам, әрине, тамақ істеуге, ыдыс жууға, кір жууға, бала күтуге болмайды деген заң жоқ, әйелінің уақыты болмай жатса, жаны ашығандықтан қол ұшын берудің айыбы жоқ, бірақ мақтан үшін емес және үйдің «әңгімесін» сыртқа жайғаны да лайықсыз.
Бұл күнде кей отбасын әйелі асырап отырғаны да шындық. Уыстап ақша тауып, жұмыстан шаршап келген әйелдің басқаға әсіресе ақша таппайтын не аз табатын күйеуіне міндеті болады. Алайда ол жолдасын сыйласа, жақсы көрсе, оның тарапынан қолдауға сүйенсе, отбасы берекелі. Егер кімнің ақша тауып, не істеу керектігі туралы әңгіме басталса, бұл жерде өзара жылулық жоқ дегенді білдіреді. Сүйіспеншілік болған кезде міндеттен басқа, құрбандық та бар. Сондықтан, ешкім ер адамды үй шаруасына еркінен тыс жеге алмайды, тек оның өзі қалауы мен қажет болса жақсы. Үрдіс солай деп, жарының ықпалында кетіп өз биігінен түспегені абзал.
Қазір әйел билеген заман деп жатамыз. Сол билікті ерлер уысынан қалай шығарып алды деген сұрақ та мазалайды. Айта берсек, мазаң енелер, қыздың шешесі де оңай жау емес.
Сондықтан әйел де тәрбиелену керек. Егер ол күйеуі өзінің ойлағанындай, айтқанымен жүріп-тұрмаса, оған қой деп отырған ешкім болмаса, өз отбасынан гөрі шешесінің ақылын тыңдаса, ол да апат. Егер келіннің әке-шешесі ажырасып, анасы жалғыз өсірген болса, қызының отбасында тіпті кішкентай кикілжің болса да, анасы: «Ажырас! Ол саған не үшін керек? Мен сені жалғыз өсірдім, балаларыңды өзіміз өсіреміз» деп айтақтап отырса, ол да қиынның қиыны. Бастары көбеймей тұрғанда құтылып тынған артық. Бұл жаман айтқанымыз, өкінішке қарай, бәріміздің басымыздан өткен, баршамызға тән құбылыс. Әрине, келін жақсы көрегенді отбасынан болса дұрыс. Әдетте балалар ата-анасының мінез-құлқын көшіріп алады. Жастар «басқаша өмір сүремін» десе де, олар үшін ата-анасының өмірі үлгі. Басы қаншалықты алтын болса да әйел күйеуінің кәсіби өсуіне көмектесуі керек. Оның өсуі – бүкіл отбасының өсуі. Біз айтып отырған өмірдің бір ғана сәті, адам бәрі бірдей бола алмайды, адам баласы ортасы мен дәрежесі деңгейіне қарай қалыптасады. Бірақ өзгермейтін жайт –ықылым заманнан бері әйел мен еркектің арасындағы табиғи жаратылысының тепе-теңдігін сақтайтын осы бір нәзік арқау. Арқау үзілмесін.
Айгүл УАЙС