Ұзақ өмір сүру орталығындағы ұрпақтар сабақтастығы

Алматы ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен 73 мектеп-лицейі ШЖҚ МКК арасындағы ынтымақтастық аясында соңғы үш жылда бірқатар тәрбиелік-танымдық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Осы жұмыстардың бірі — Алаш мұрасын насихаттауға арналған тың жобалардың жүзеге асырылуы. Атап айтқанда, аталған білім ордасының тарих пәні мұғалімі Гаури Жомартованың жетекшілігімен ұлт зиялыларының қоғамдық қызметін зерделеу мақсатында жоба қолға алынған болатын.
Бұл бастаманың басты идеясы — ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткері, ел үшін еңбегі сіңген тұлға Ораз Қиқымұлы Жандосовтың өмір жолын жас ұрпаққа таныстыру, оның есімін ұлықтап, тарихи әділдікті қалпына келтіру. Осы жоба аясында тарихи құжаттарға сүйене отырып, деректі фильм түсіру жұмыстары басталды. Басты рөлдерді сомдау, тарихи образдарды шынайы жеткізу үшін 10-сынып оқушылары Естай Ертай мен Сенғазы Жансері тартылды.
Жобаға кәсіби тұрғыдан жетекшілік ету мақсатында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз зейнеткері, елімізге белгілі режиссер, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағының, Ресей Федерациясының «Достық» орденінің және мемлекеттік «Алтын адам» номинациясының иегері Еркін Касенов белсене атсалусыда. Режиссердің бай шығармашылық тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі жобаның сапалы әрі мазмұнды болуына кепіл болмақ.
Бұл — жас ұрпақтың бойында ұлттық сана мен тарихи жадыны қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мұндай жобалар Тәуелсіз еліміздің рухани жаңғыруына, өскелең ұрпақтың тарихи танымын арттыруға, Алаш мұрасына деген құрметін күшейтуге зор үлес қосары сөзсіз.