JolTap жобасы екі жылда 15 мың адамды заманауи мамандыққа оқытты

«Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктері арқылы жүзеге асатын JolTap жобасы екі жыл ішінде мыңдаған қала тұрғынына жаңа кәсіп игеруге жол ашты, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Курстарға қатысушылардың айтуынша, теориядан гөрі практикалық дағдыларға ерекше мән беріледі. Елорда әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан JolTap қысқа мерзімді курстары еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды тәжірибе арқылы үйретіп келеді. Жоба түлектерінің бірі Гүлназ Мырзашова алған білімін жұмысында тиімді қолданып жүр.
«Бұл жоба туралы елордадағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктеріне барып, мамандардан сұрап-білдім. Олар маған курстар туралы жан-жақты мағлұмат берді. Содан мен мобилография курсына жазылдым», — деді 32 жастағы тұрғын.
Оның айтуынша, курсқа жазылған соң оқу көп кешікпей басталған.
«Оқытушылар – сол салада жұмыс істейтін тәжірибелі мамандар. Олар мобилография бойынша қажетті ақпараттарды айтып түсіндіріп берді. Кейін теорияны практика жүзінде көрсетті. Бастысы мұнда мамандық бойынша қажетті дағдыларды үйретті. Мәселен, видео түсіру, дизайн жасау. Жалпы сабақтар өте қызықты өтті», — деп бөлісті жобаға қатысушысы.
32 жастағы келіншек былтыр «Мобилография», биыл «Графикалық дизайн», «Контент-крэйтор» курстарын оқыған.
«Мен жекеменшік агенттікте жұмыс істеймін. Бұрын сторисмэйкер болып қызмет еттім. Қазір директор лауазымындамын. Өздеріңіз білесіздер, қызметкерлерге тапсырма берген уақытта өзіңіз де сол саланы жақсы біліп тұруыңыз қажет. Әлеуметтік желіге Reels-тер түсіреміз. Оларға әртүрлі бағытта обложка жасауымыз қажет. Сондықтан осы курстарды оқыдым. Жұмысыма пайдасы тиіп жатыр. Осы орайда жоба ұйымдастырушыларына алғысымды білдіргім келеді», — деп сөзін түйіндеді Гүлнәз Асқарқызы.
Екі жыл ішінде қаладағы «Баршаға Мүмкіндік» модульдік пунктерінде 34 мыңнан астам адам кеңес алды. Ал 15 мыңнан астам азамат тегін оқудан өтті.