Мәдениет

Құлақтан кіріп, бойды алған…

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің XVIII маусымы ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Құлақтан кіріп, бойды алар» концертімен ашылды.

Аталмыш оркестрдің көркем­дік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов және дирижері, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің жетекшілігімен ұлы Абайдың туындылары мен оның рухына үндес шығармалар оркестрлік өңдеуде әуеледі.

Кеште Абайдың әндері мен күйлері арқылы оның даналық мұрасы, ұлттық болмысымызға қосқан өлшеусіз үлесі көркемдік тұрғыдан жаңаша бедерленді. Бұл кеш Абай мұрасын тек еске алу бағытында ғана өтіп қоймай, оны бүгінгі ұрпақпен қайта қауыштырғандай болды.

Концерттің өз деңгейінде өтуіне астаналық филармонияның «Халық әні» бөлімінің әншілері, мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан мен Әйгерім Нартүйе, опера әншілері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда, халықаралық байқаулардың лауреаттары Асылзат Нұғыманова мен Нұрқанат Тапиев үлес қосты.

Концертте Абайдың музыкалық мұрасы оркестрлік өңдеуде жаңаша түрленіп, филармония солистерінің орындауында тыңдарманға ерекше әсер сыйлады.

Еркеғали Рахмадиев атында­ғы Мемлекеттік академиялық фи­лармониясының ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған концерттері әрі қарай да жалғасады. 24 қыркүйек күні өнер ұжымының камералық хоры «Абай арманы» кешін ұсынады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button