«ASTANA ARCHIVE FEST-2025» форумы өтуде

Астана қаласы Мемлекеттік архивінің құрылғанына 30 жыл толды. Мекеменің мерейтойына орай бүгін елордада «ASTANA ARCHIVE FEST-2025» халықаралық форумы басталды. Іс-шара аясында елорда архивінің тарихы, архив қорындағы құнды жәдігерлерден тұратын «Төрдегі төл тарих» фотоқұжаттық көрмесі, архив жинақтарының таныстырылымы және «Архив: Жаңа дәуір. Жаңа мүмкіндіктер» атты ашық диалог алаңы ұйымдастырылды.
Форумның басты мақсаты – архив саласындағы заманауи тәжірибе алмасу, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, цифрландыру үрдісіндегі жетістіктерді ортаға салу. Жиында архив саласында қордаланған мәселелер, цифрлық трансформация, тарихи мұраларды сақтау және оларды болашақ ұрпаққа жеткізу жолдары кеңінен талқыланды.
Елорданың Мемлекеттік архивінде Ақмола өңірінің өткен ғасырдағы сан қилы тарихы мыңдаған құжаттарда хатталған. Мекеме елордамызбен бірге өсіп-өркендеп, сан салалы құжаттарды жинап сақтаумен айналысып келеді. Осыны атап өткен Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қала басшысы Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізді.
«Архив – ұлттың жады, елдің өткені мен болашағының алтын көпірі, өткенге көз жүгіртіп, тарихи деректерді тиянақтап, келешек ұрпаққа жеткізетін, мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның рухани құндылықтарының негізі. Осы жолда отыз жыл бойы қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан Астана қаласы Мемлекеттік архиві — бүгінде елордамыздың іргелі мекемелерінің бірі. 1995 жылдан бастап Астананың тарихи, саяси, әлеуметтік және мәдени даму жолын бізге жеткізіп, ауқымды жұмыстар атқарып келеді» делінген қала әкімінің құттықтауында.
Жеңіс Қасымбектің лебізінде қазіргі цифрлық дәуірде архив қызметкерлері жаңа сапалық деңгейге шыққанын, электронды және ақпараттық технологияларға сай еңбек етіп жатқанын, елорда архиві мамандарын мерейтоймен құттықтады.
Іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген архив мамандары, тарихшылар, мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Татарстан елдерінің архив ісі саласындағы мамандар жиналып, өз құттықтауларын жеткізді. Олардың арасында Парламент Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Әлия Мұстафина, Мәдениет және ақпарат министрлігі архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы Ибраим Бабаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова, Ресей Федерациясы Омбы облысының тарихи архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Людмила Чекалина, Қырғыз Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры Манат Момунов болды.
Форум барысында Қырғыз Республикасының Орталық мемлекеттік архиві мен Астана қаласының Мемлекеттік архиві арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Жасанды интеллект: өзектендіру және цифрландыру үрдістері» тақырыбында пікір алмасу жүргізілді. Қазір түстен кейін сондай-ақ «Қазіргі қоғамдағы архивтердің рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Мерейтойлық шаралар ертең де жалғасады. Соның аясында қонақтар елорданың көрнекті жерлерін аралап, Астана қаласы Мемлекеттік архивіне экскурсия ұйымдастырылады. Дөңгелек үстел отырысында реставрация және консервация зертханаларының тәжірибесі, архив құжаттарын цифрландыру ісі, құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу жұмысы таныстырылады. «Үздік архив» және «Үздік архивші» марапаттары тапсырылады.
Аманғали Қалжанов
фото: Оңалхан Өнерхан