Бестемше балаларға не береді?

Елорданың №69 «Еркем-ай» балабақшасында «Мектеп жасындағы балаларда ұлттық қодты қалыптастыру жолдары» тақырыбында қалалық семинар өтіп, «Бестемше» қосымша білім беру бағдарламасы таныстырылды.
Астана қаласының Білім басқармасы, қалалық Әдістемелік орталық, «Тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі және аталмыш балабақша ұйымдастырған іс-шара Отбасы күні мен Тоғызқұмалақ күніне орайластырылды.
№69 «Еркем-ай» балабақшасының меңгерушісі Марал Ахметованың айтуынша, балабақша жаңа бағыт алып отыр. Сол мақсатта Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Ұлттық код» атты инновациялық жобаны қорғап шықты. Соның аясында бестемше ойыны бағдарламаға енгізілді. Бұл жақсы нәтиже берді. Содан бері қалалық жарыстарда «Еркем-ай»-дың тәрбиеленушілері жүлделі орындарды бермей келе жатыр. Бұған қоса, солтүстік өңірлердегі бірнеше балабақшамен серіктестік орнатылды. Осы санатта Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау қалаларындағы балабақшалар бар. Олардың өкілдері семинарға онлайн форматта қатысты.
Тиісті ғылыми жұмыстардан кейін бестемше ойынына қатысты әдістемелік нұсқаулық жазылды. Бұл кітапқа 36 сағаттан тұратын бағдарлама енгізілді. Қарапайым тілмен айтқанда, онда балаларға бестемшені үйрету жолдары көрсетілді. Болашақта осы еңбек ағылшын және орыс тілдеріне аударылмақ.
«Жақында балабақшамыздың тәрбиешісі Анар Таждинова Чехияның Пардубице қаласында өткен бестемшеден халықаралық жарыста блиц категориясы бойынша бас жүлдені иеленді. Сол жерде осы ұлттық ойынға үлкен қызығушылық туындады. Әдістемелік нұсқаулықты ағылшын тіліне аудару мақсаты содан туды. Себебі шетелдіктерге бестемшені танытуымыз әрі мұны таратуымыз керек» дейді Марал Ахметова.
«Бестемше» қосымша білім беру бағдарламасын таныстырған Анар Жақсылыққызының сөзінше, бұл ойын балалардың бойында математикалық түсініктерді қалыптастырады. Сол арқылы оларда ойлау, логикалық қабілеттер дамиды. Түптің түбінде тәрбиеленушілерде ұлттық код қалыптасып, балдырғандар ұлттық құндылықтарға жақындайды.
Семинар барысында тиісті тақырып бойынша «Тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Мақсат Шотаев, Астана халықаралық университетінің профессоры Ғалиябану Кертаева, қалалық Әдістемелік орталығы мектепке дейінгі білім беру орталығының басшысы Райгүл Әмірхамзина пікірлерін жеткізді. Балабақшадағы дамытушы орталықтарының (өсімдіктер әлемі, гидропоника) ашылу салтанаты өтті. Балабақша ата-аналарынан құралған «Аналар институты» ұйымының мүшелері мен балдырғандар өнерлерін көрсетті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ