Басты ақпаратҚоғам

Даралық болмаса, турист тарта алмаймыз

Қазақстанға, әсіресе, Астанаға келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Өйткені шетелдіктерді біздің кең-байтақ жеріміздің әсем табиғаты ғана емес, қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыстық ерекшелігі де қызықтырады.

Туризм – жай ғана демалыс емес. Ол – елдің экономикасына, мәдениетіне, халықаралық беделіне әсер ететін стратегиялық сала. Әлем елдері туризмді қарқынды дамытуды ұлттық басымдықтардың бірі ретінде қарас­тырады. Себебі әрбір турист – жаңа жұмыс орны, қосымша табыс көзі, ел жайлы әлемге тарайтын жақсы пікір тарататын насихатшы саналады. Екінші тұрғыдан алғанда, туризм – мемлекет жарнамасы. Қазіргі таңда дүниежүзілік сипат алып отырған бұл сала тек табиғатпен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен, салт-дәстүрдің даралығымен де ерекшеленіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанның Орта Азияның туристік шаңырағына айналуына еш қиындық жоқ еді. Алайда Қазақстан үкіметі туризмді дамыту жоба-жоспарын жасағанымен, еліміздегі туристік орындардың көбінің шарт-жағдайы көңілдегідей емес. Бәрі маусымдық сипатты саяхаттың шеңберінен шыға алмайды. Туризм үгіті тебінсіз. Еліміздің көркем жерлерін таныстыр­ған бірер фильмнен басқа, туристік орындарды, туристерге жасалатын қолайлылықтарды таныстыратын ақпарат жоқтың қасы. Қазақстанның көптеген туристік орындары шетелдік туристерді көптеп қабылдауға әлі дайын емес. Әсіресе, шетелдік туристерді баурайтын Этнография­лық туризм тұралап тұр.

Этнографиялық туризм – ұлттық ерекшелікті айшықтап көрсететін ең маңызды сала болса да, ол бізде жүйелі түрде дамымаған. Мысалы, киіз үйде түнеп, қымыз ішіп немесе бүркітшілердің өнерін тамашалау­ды қалап келген туристер көбіне Моңғолияға бет түзейді. Себебі ол ел этнотуризмді ұлттық брендке айналдырып, халықаралық деңгейде жарнамалап үлгерді. Осыдан 5-6 жыл бұрын АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлы Моңғолияға арнайы барып, киіз үйде қонғаны – соның айқын дәлелі. Ал Қазақстанда мұндай тәжірибелер көбіне тек мерекелік іс-шараларда немесе қысқа мерзімді фестивальдерде ғана көрсетіледі. Бұл туризмнің тұрақты қызмет көрсету жүйесіне айналмағанын аңғартады. Этноауылдар бар болғанымен, көбінің қызмет көрсету сапасы төмен, тек науқандар кезінде ғана жұмыс істейді. Қазақтың мәдениетін шетелде танытуда жүйелі жарнама жоқ.

Туристердің алыс аймақтарға баруы қиын, жол-көлік қатынасы жеткілікті дамымаған. Ал Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда этнографиялық туризмді тұрақты түрде дамытатын кешендер жоқ. Шетелден келген қонақтар бұл қалаларда көбіне заманауи архитектураны көреді (ол барлық елде бар ғой қазір), бірақ қазақ халқының өмір салтын, ұлттық болмысын толық танып-біле алмайды. Жылқыны қолға үйреткен, қымызды ұлттық сусынға айналдырған, қонақжайлықты өмір қағидасы еткен қазақ мәдениеті – турист үшін зор қызық. Алайда біз осыны көрсетуге келгенде жүйелі қадам жасамай отырмыз. Тіпті әлемдік архитектураны тоғыстырған қала деп мақтанатын бас қаламыз­да киіз үй үлгісінде жобаланған бірде-бір құрылыс жоқ. Ал киіз үй – қазақтың баспанасы емес, тұтас дүниетанымының символы. Ол – табиғатпен үйлесім, қарапайымдылық пен рухани тереңдіктің көрінісі. Осындай нышанды сәулет өнерінде қолдана білсек, ол бір жағынан ұлттық болмысты паш етсе, екінші жағынан, елге келген шетелдіктер үшін ерекше мәдени әсер қалдырар еді. Мысалы, Бейжің Олимпиадасына арнайы тұрғызылған «Құстың ұясы» стадионы Қытайдың өзіндік брендіне айналды. Дубайдың пальма тәрізді жасанды аралдары да елдің символы болды. Біз де халықаралық деңгейде даралану үшін өзіміздің ұлттық ерекшелікті сәулетпен, туризммен, мәдени шаралармен ұштастыруымыз қажет еді. Бірақ оны әлі күнге дейін ескермей келеміз.

Енді не істеуіміз керек?

  1. Еліміздің әр өңірінен, әсіресе Астана, Алматы сияқты ірі қалалардың маңынан тұрақты жұмыс істейтін этноауылдар құру керек.
  2. Сәулетте ұлттық символика қолданып, киіз үй үлгісінде қонақүйлер, мәдени орталықтар тұрғызу – елордаға келген кез келген қонақтың есінде қалатын ұлттық ерекшелік болар еді.
  3. Ұлттық бренд қалыптастыру мақсатында бүркітшілік, атбегілік, ұлттық ойындар мен Ұлттық тағамдарды халықаралық деңгейде таныстыруға баса назар аудару керек.
  4. Жарнаманы, үгіт насихатты күшейтіп, қазақтың қонақжайлығын, көшпелі тұрмысын, жылқы мәдениетін шетелде жүйелі түрде насихаттау керек.

Бұл шаралар Қазақстанды тек табиғатымен емес, мәдениетімен де брендке айналдырады. Себебі қазіргі туристер әсем ғимараттардан гөрі халықтың өмір салтын, тұрмысын сезінуді көбірек қалайды.

Астана – тәуелсіздігіміздің символы, ел айнасы. Бас қаладағы әрбір нысан тек қызмет үшін емес, қазақтың дәс­түрін бейнелейтін архитектура­лық шешімге ие болса, көшенің өзі тұтас тарих болып сөйлейді. Ең әуелі, жаһанға жарқырай көрінген елордамызда қазақтың төл болмысын айшықтайтын бір көше болса, ол қаланың ең үлкен туристік брендіне айналары сөзсіз. Мұндай көше сәндік үшін емес, «ашық аспан астындағы этнографиялық музей» қызметін атқаруы тиіс. Бұл көшеде ұлттық тағам­дар сатылатын қымызхана, бауыр­сақ пісіретін шағын дәмханалар, қазы-қарта ұсынатын асханалар орналасса, турист нағыз қазақы дәмді татар еді. Сондай-ақ бұл көше бойында зергерлер, ұсталар, ершілер, киіз басатын және кілем тоқитын шеберлер жұмыс істеп тұрса, келген қонақ қазақ қолөнерін көзбен көріп қана қоймай, қолымен жасап көруге де мүмкіндік алар еді. Бұл, бір жағынан, қолөнершілерді қолдау болса, екінші тұрғыдан, турист тартатын түйін болар еді. Аталған көшеде жыл бойы ұлттық ойындар (арқан тарту, асық ату, қыз қуу, аударыспақ), домбыра тартып, терме айтатын орындаушылардың шағын сахналары болса, ол нағыз этнографиялық орталыққа айналады. Ұлттық көше туристер үшін тек тамашалайтын жер емес, ыңғайлы демалатын, қонақтайтын, сапалы қызмет алатын орын болуы тиіс. Міне, осындай көше салынса, Астанаға келген шетелдік турист тек әсем ғимараттарды ғана емес, қазақ­тың болмысын да танып кетер еді.

P.S: Қазақстанда туризмнің табиғи әлеуеті зор болғанымен, ұлттық туризмді дамытуға келгенде біз көршіміз Моңғолиядан, Өзбекстаннан кейін қалып қойдық. Қазақтың бай тарихын, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын әлемге көрсету – тек экономикалық табыс көзі ғана емес, елдің мәдени  дипломатиясының да қуатты құралы. Егер мемлекет пен жеке сектор осы бағытқа ерекше көңіл бөлсе, Қазақстан этнографиялық туризм бойынша да әлемдік брендке айналар еді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button