Құрылыс материалдары саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту талқыланды

Астана, 2025 жылғы 5 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп құрылыс материалдары саласына қосымша инвестициялар тартуға кедергі келтіретін жүйелі проблемалар мен тосқауылдарды анықтау және оларды жоюға арналған практикалық ұсыныстарды әзірлеуге бағытталған акселерацияны өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ халықаралық және отандық бизнестің өкілдері қатысты, оның ішінде «YDA Holding», «Баракат Инвест» ЖШС, «Enki» ЖШС, «Rehau» ЖШС, «Lasselsberger» ЖШС және басқа да компаниялар.
ҚР СІМ Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Арман Ақсубаев акселерация форматы өзін бизнес өкілдерімен бірлесіп жүйелі мәселелерді анықтауға және тиісті шешімдерді табуға мүмкіндік беретін тиімді алаң ретінде көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл отырыс қосымша инвестициялар тартуға және елдің индустриялық әлеуетін нығайтуға жағдай жасайды.
Өз кезегінде «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек құрылыс индустриясы Қазақстан экономикасының негізгі драйверлерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, елде 100-ден астам құрылыс материалдарын өндіруге арналған инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, ал мұндай кездесулер жүйелі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Қатысушылар саладағы инвестициялық жобаларды іске асыру шарттарына қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, инфрақұрылымдық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі, кадр тапшылығы және білікті мамандарды жүйелі даярлау қажеттілігі, құрылыс материалдарын өндіруге арналған шикізат базасының шектеулілігі, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін жетілдіру, сондай-ақ міндетті техникалық тексеруге жататын тауарлардың айналымын бақылау мәселелері көтерілді.
Акселерация барысында бизнес өкілдері көтерген ұсыныстар мен ескертулер инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту мақсатында жүйелі шараларды әзірлеу үшін салалық мемлекеттік органдардың қарастыруына жолданады.