Еліміздің қысқа мерзімді экономикалық әлеуетін арттырудың жол картасы

Ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына VIII Жолдауын жолдады.
Елдің ішкі және сыртқы геосаяси жағдайларын жан-жақты саралай отырып, Мемлекет басшысы Жолдауда ел дамуының негізгі **жеті бағытын** атап өтті. Олар:
- Инвестиция тарту,
- Өңдеу өнеркәсібін дамыту,
- Ауыл шаруашылығын дамыту,
- Жасанды интеллект саласын жетілдіру,
- Көлік және логистиканы дамыту,
- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту,
- Кәсіпкерлікті дамыту және экономиканы жан-жақты жаңғырту арқылы адами капиталды дамыту.
Мемлекет басшысы: «Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып жатса, енді бір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде. Халықаралық құқықтың мән-маңызы әлсіреп, Біріккен Ұлттар Ұйымы қазіргі басты түйткілдерді шешуге қауқарсыз болып отыр», – дей келе, «Менің ең басты мақсатым – елімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деп ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өзге дамыған елдермен қатар көштен қалмау үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану қажеттігін ескертті. Осыған байланысты Цифрлық кодекс қабылдау қажеттігіне тоқталды.
Қарқынды дамып келе жатқан елдерде ірі қалалар инвестиция мен технологияны өзіне тартатын орталыққа екені баршаға аян. Президенттің айтуынша, сондай қалалардың бірі – Alatau City ақылды қаласы болуы тиіс. Ол үшін цифрландырудың барлық әлеуетін тиімді пайдалану қажет.
«Алатау қаласы – еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс. Жалпыұлттық маңызы бар осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жер бөлінді, бастапқы жоспарлау жұмыстары аяқталды, инфрақұрылымның негізгі желілері қосылды», – деді Президент.
Сонымен қатар, осындай ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін елге инвестиция тарту, инвесторларға жеңілдіктер ұсыну, екінші деңгейлі банктердің қаражатын ішкі инвестициялық жобаларға бағыттау қажеттігі айтылды. Осыған орай Мемлекет басшысы «Банк туралы» арнайы заң қабылдау керектігін де атап өтті.
Президент экономиканы дамытудың негізгі факторы – адами капитал екенін ерекше атап өтіп, бұл бағытта нақты шаралар ұсынды. Атап айтқанда:
- Жасанды интеллектті мектеп бағдарламасына енгізу,
- Қажет болса арнайы оқулықтар әзірлеу,
- Қазақ тілінде digital мектептер ашу,
- Ұстаздардың жаңа технологияларды меңгеруін қамтамасыз ету,
- Қашықтан оқыту және жасанды интеллект негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу.
«Мұндай платформа, әсіресе, ауылдық жерлердегі оқушыларды сапалы біліммен қамтуға мүмкіндік береді» деп шегелеп айтты.
Бұдан бөлек, Ғылым – Білім – Инновация үштағаны бірігіп, адами капиталды дамытуға қызмет етуі қажет. Қажет болған жағдайда шетелдік мамандарды немесе шетелде жүрген отандық ғалымдарды елге тарту маңызды екендігі де айтылды.
Қорыта айтқанда, бүгінгі Жолдаудың негізгі миссиясы — Үкіметтің әр әрекеті халыққа пайда әкелуі керек, тұрмысы жеңіл болу керек, экономика дұрыс жұмыс істесе, әділетті қоғам орнайды дегенді білдіреді. Бұл Жолдауды еліміздің қысқа мерзімдегі экономикалық әлеуетін арттырудың жол картасы деп айтуға блады.
Зұлфухар Ғайыпов,
саяси ғылымдарының докторы,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясат пен қоғамдық қатынастар зерттеу орталығының директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Ұлттық Құрылтай мүшесі