Мәдениет

Кітапханадағы кездесу

Жақында ғана елордада №12 көпшілік кітап­ханасы ашылды. «Бағыстан» тұрғын үй кешенінде орналасқан жаңа кітап ордасының ашылуымен қала әкімдігіне қарасты кітапханалар саны 22-ге жетті. Руханият ошағында алғашқы іс-шара өтіп те үлгерді. Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен қалалық Мемлекеттік архив бірлесіп, «Бабадан қалған бағзы тіл» атты әдеби кеш ұйымдастырды.

Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткен белгілі ақын Мұхарбек Жәкейұлымен кездесуде мәртебелі поэзия салтанат құрды. Студент күнінен ақын болып танылған кеш қонағы өмірін әскери саламен, соның ішінде әскери журналистикамен байланыс­тырды. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің медиаорталығында қызмет істейді. Әскери шені – доғарыстағы подполковник. Оның шығармашылығы рухты өлеңдер мен жүрек қылын шертетін жырлармен, тілінің шұрайлылығымен ерекшеленеді.

Мұхарбектің өлеңдеріне әндер де жазылды. Соның ішінде елге кең тарағаны – досы, журналист Оразәлі Баймұраттың «Үмітім гүлім» әні. Бұл туындыны талай белгілі әнші шырқады. Атап айтқанда, Тоқтар Серіков, Еркін Нұржанов, Нұржан Төлендиев, Заттыбек Көпбосынов, Асхат Тарғын айтты. Бірақ бұрын ән сөздері тыңдармандарға бұрмаланған күйінде жетіп жүрсе, кейіннен бұл олқылықты «Әдемі-ай» дуэті түзеді.

«Бабаларымыз өз заманында тіл туралы біраз дүниенің басын ашып айтып кетті. Бүгінгі күні де баба тілі өз құндылығын арттырмаса, кеміген жоқ. Тіл дегеніміз – ұлттың жаны, жүрегі, тағдыры. Сондықтан ана тіліміздің ғұмыры мәңгі жасай береді» деді ақын.

Астана қаласы Мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу және ақпараттық түсіндіру жұмысының басшысы Ғазиза Тұрмағанбетқызы кеш қонағына мекеме атынан алғыс хат пен естелік сыйлық тапсырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button