Құқық

Есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам ұсталды

Есірткіге қарсы профилактика және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жұмыстары қалалық прокуратура мен Полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізілуде. Астанада есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері бірнеше адамды қолға түсірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер күдік тудырған «Hyundai Elantra» маркалы автокөлікті тоқтатты. Көліктің рөлінде 26 жастағы азамат болған, қасында екі жолаушысы бар. Тәртіп сақшыларының назарын аудартқан тағы бір жайт – көлік иесінің қатты қобалжуы еді.

Жеке тінту барысында жүргізушінің шалбарының қалтасынан ақ ұнтақ тәрізді заты бар орама табылып, тәркіленді. Бұдан кейін көлік салонын тінту кезінде кілемшенің астынан осындай 9 орама анықталды. Сарапшының қорытындысына сәйкес, табылған зат «мефедрон» есірткі құралы болып шықты.

Белгілі болғандай, жастар есірткіні жеке пайдалану үшін «Telegram» әлеуметтік желісі арқылы сатып алған. Медициналық куәландыру кезінде жүргізуші мен екі жолаушының да тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталды. Осыған байланысты олар сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке Арнайы қабылдау орнына қамалды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар, елордалық полицейлер интернет арқылы есірткі таратуға қатысы бар деген күдікпен 27 жастағы әйел адамды ұстады. Тергеу барысында оның қосымша табыс табу үшін мессенджердегі канал жүргізуге келіскені белгілі болды. Ол сол арқылы тыйым салынған заттардың жарнамасы жарияланып отырған. Тінту кезінде әйелден дәлелдер сақталған телефон тәркіленді. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жеңіл табысқа қызығушылық салдарынан кей азаматтар өз әрекетінің салдарын ескере бермейді.

Алайда мұндай іс-әрекеттер қылмыс болып саналады және қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Полиция азаматтарды сақ болуға, «интернет арқылы жұмыс» деген күмәнді ұсыныстарға келіспеуге шақырады. Сондай-ақ есірткі сату немесе сақтау фактілері туралы дереу 102 нөміріне хабарлауды сұрайды. Айта кетейік, «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында елордада есірткіге қарсы іс-қимыл бойынша 30 күндік кешенді профилактикалық шаралар басталды. Кешенді шараларға бірлескен рейдтер өткізу, оқу орындарында профилактикалық әңгімелер жүргізу, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет сайттарды анықтау және жою жұмысы кіреді. Есірткіге қарсы профилактика және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жұмыстары қалалық прокуратура мен Полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізілуде.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button