«Таза Қазақстан»: елорда тұрғындарына арнап діни ағарту шарасы өткізілді

Астанадағы Орталық саябақта республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Тазалық – иманның жартысы» тақырыбында «Ашық алаң» іс-шарасы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz..
Шараны Астана қаласының Дін істері басқармасы мен QAMQOR-ASTANA қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Мақсат – тұрғындарды деструктивті діни ағымдардың қаупі туралы ақпараттандыру, діни сауаттылықты арттыру және дін саласындағы қолданыстағы заңнама жайлы түсіндіру.
Қатысушыларға ұлттық құндылықтар, қазақ халқының тарихы мен дәстүрлері туралы айтылды. Сонымен қатар радикалды идеологияның алдын алу бойынша интерактивті «сұрақ-жауап» сессиясы өтті.
«Викториналар арқылы тұрғындардың білім деңгейін анықтап, түсіндіру жұмысын қай бағытта жалғастыру керегін білеміз. Астанада 8 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Осындай іс-шаралар жастардың қызығушылығын оятады. Бұл маңызды, өйткені деструктивті ағымдар ең алдымен жастарға бағытталады. Біздің міндет – оларды дер кезінде ақпараттандырып, қорғау», – деді ұйымдастырушы, QAMQOR-ASTANA қорының бөлім басшысы Әдия Романова.
Іс-шара барысында 2000-нан астам ақпараттық парақша таратылып, онда заңнама түсіндірмелері мен экстремистік және террористік ұйымдардың ресми тізімі ұсынылды. Белсенді қатысушылар мен еріктілерге алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шара марапаттау рәсімімен және Дін істері басқармасының тапсырысымен дайындалған фильм көрсетілімімен қорытындыланды.
«Акция өте қызықты өтті. Әсіресе викториналар мен фильм ұнады. Біз жақын жерде тұрамыз, серуенге шығып, осы жерге соға кеттік. Екі сағат ішінде дәстүр мен тарих туралы көп мағлұмат алып, сыйлықтарға ие болып, көтеріңкі көңіл-күймен қайттық. Осындай іс-шаралар жиі өткізілсе дейміз», – деді елордалық тұрғын Алдияр.



