Қызық фильм таныстырылды

Бас қалада отандық анимация саласының айтулы жобасы – «ADAM: Нартәуекел» толықметражды анимациялық фильмі көпшілікке алғаш рет таныстырылды.
Іс-шараға кино саласының мамандары, мәдениет қайраткерлері, журналистер және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Көрсетілім барысында фильмнің жасалу барысы, отандық анимацияның жаңа қадамы ретінде маңызы айтылды.
«ADAM: Нартәуекел» – Қазақстандағы алғашқы коммерциялық 3D анимациялық фильм. Бас продюсері – Мәдияр Серікбаев, режиссері – Жәнібек Нұрбекұлы. Оны «Өнер қырандары» театры мен «Astana Film» компаниясы әзірлеген. Мультфильмде адами құндылықтар мен заманауи көркемдік тәсілдер ұштасып, жас көрермендерге жаңа эстетикалық әлем ұсынады.
Фильм 21 тамыздан бастап еліміздегі барлық кинотеатрда көрсетіле бастайды. Картинаның көрерменге жол тартуы қазақстандық анимацияның дамуында жаңа белес болады деп күтілуде.
Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтқан: «Қазақ тілінде, ұлттық нақышта түсірілген мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек» деген сөзі ойға оралады. Жаңа туындының тұсаукесері дәл осы мақсатпен үндесіп, қазақ анимациясының өрісін кеңейту жолындағы алғашқы ірі қадам ретінде бағалануда.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ