Алғаш рет өзге этностар айтысты

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Астанадағы Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда еліміздегі өзге этнос өкілдерінің қатысуымен алғаш рет республикалық айтыс өтті. Елорда әкімдігі, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен және Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен өткен «Алтын шаңырақ» республикалық айтысына барлығы 12 этнос өкілінен 6 жұп айтыскер қатысты.

Өзге этностың әр өкіліне елге танымал бір қазақ айтыскері жетекші ретінде бекітілді. Атап айтқанда, белгілі айтыскер ақындар — Алтынгүл Қасымбекова, Иранғайып Күзенбаев, Әсем Ережеқызы, Мейірбек Сұлтанхан, Нұрбол Жауынбаев және Нұрлан Есенқұлов және басқалар өнер думанының мазмұнын байыта түсті. Өнер додасын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Айтыскерлер қазақтың төл өнері арқылы ел бірлігі мен ынтымағын жырға қосты. Елдегі өзекті тақырыптарды көтеріп, заң мен тәртіп қағидаттарының қоғамдағы рөліне, ел бірлігі мен рухани құндылықтарды насихаттауға, өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді дамытуға ерекше мән берді. Қоғам тұрақтылығы мен дамуының негізі саналатын бұл ұстанымдар жыр арқылы көркем жеткізіліп, көрерменге терең ой салды.

-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде әділетті қоғам құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету – басты назарда. Биылғы Конституцияға енгізілген өзгерістер де осы бағытты айқындайды. Сондықтан заң мен тәртіп қағидатын нығайту – әр азаматтың міндеті. Бүгінгі айтыста 10-нан астам этнос өкілі өнер көрсетіп, сол тақырыптарды және бірлік пен татулықты жырға қосты, – деді қазылар алқасының мүшесі, ақын Серікзат Дүйсенғазин. Онымен бірге Мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахман, Парламент мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайыт та қазылық етті.
11 өңірден келген айтыскерлер арасында Астанадан белгілі айтыскер Иран-Ғайып Күзембаев жетекші болған неміс этносының өкілі Эльдана Габерман және Мейірбек Сұлтанхан жетекшілік еткен молдаван қызы Алла Платонова өнер көрсетті. Өзге айтыскерлер Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Абай, Ақтөбе, Алматы облыстары, Көкшетау, Шымкент, Алматы қалаларынан қатысты.

-Әр түрлі этнос өкілдерінен құралған өнерпаздар танымал айтыскерлермен жұптасып, тандем түрінде өнер көрсетті. Айтыста елдік, отансүйгіштік идеялары насихатталып, әзіл түрінде де жақсы-жақсы ойлар айтылды. Халық өте жылы қабылдады, көрермендер басынан аяғына дейін тапжылмай отырып тыңдады. Қазіргі әлемдегі жағдайды қарайтын болсақ, этностар арасындағы татулық пен бірлікті сақтаудың маңыздылығы арта түскенін байқауға болады. Осы тұрғыда бұл өнер додасының көтерген идеясы, ол ішкі бірлік, тұрақтылық, достық, тілге қатысы жағынан болсын еліміз үшін қажет. Алдағы уақытта да бұл айтыстың жалғасын табарына сенім мол, — дейді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив іс басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

Ұлттық мұраны дәріптеп қана қоймай, көпұлтты қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға мүмкіндік берген айтыс нәтижесінде қостанайлық қазақтың келіні, тіл жанашыры Ирина Новицкая мен оның жетекшісі Жібек Шахмарданқызы бас жүлдені иеленіп, 3 млн теңгені қанжығасына байлады. Қазылар алқасының шешімімен 1 орынды қарағандылық кәріс этносының өкілі Валерия Цой иеленді. Ал 2 орынды атыраулық башқұрт өкілі Анварбек Садыков және елордалық Эльдана Габерман өзара бөлісті. Сонымен қатар 3 орынды Абай облысынан ұйғыр өкілі Хамида Саметова, ақтөбелік украин өкілі Хитрук Қанат алды. Айтыс арасында дарынды өзге этнос өкілдері қазақтың әні мен жырынан шашу шашып, көпшілікті өнерімен және мемлекеттік тілге деген құрметімен тәнті етті.
Райхан Рахметова



