Өңірлерде орақ науқаны басталды

Тамыздың үшінші онкүндігінде басталуы күтіліп отырған жаппай егін жинау науқаны қарсаңында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бүгінде жаңа өнім жинау жұмыстары он екі өңірде – Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жүргізілуде. Жалпы орақ көлемі 23,6 млн гектарды құрайды, оның ішінде 16 млн гектары – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Соңғы мәліметтер бойынша, 1,1 млн гектар (дәнді дақылдар егісінің 6,6%-ы) орылып, 1,6 млн тонна астық бастырылды, 17,4 мың тонна майлы дақыл, 363,5 мың тонна картоп, 1,3 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша өнімдері жиналды.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері топыраққа 1,7 млн тонна тыңайтқыш енгізді, бұл жылдық жоспардың (1,9 млн тонна) 88%-ын құрайды. Барлығы 1,8 млн тоннаға келісімшарт жасалған, ал қалған көлемін күзде – күзгі жырту мен парларға енгізу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, орақ техникасының дайындық деңгейі 93%-ды құрайды, ал жаппай орақ кезеңінде ол 100%-ға жеткізіледі. Жұмысқа 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 17 мың шапқыш және 130 мың бірлік басқа да техника жұмылдырылмақ.
Орақ жұмыстарына 402 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген, оның 9,3 мың тоннасы (жоспардың 42%-ы) шаруаларға жеткізілді. Жанармай бағасы нарықтан 18–20% төмен.
Жаңа өнімді қабылдау үшін элеваторлардың сыйымдылығын босату мәселесі жеке қаралды. Қазіргі уақытта олардың жүктемесі 16%-ды құрайды — бұл жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тоннаның (17,4 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде, 13,3 млн тоннасы – лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында) 2,2 млн тоннасы. Бұған дейін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» тамыз айының соңына дейін кемінде 500 мың тонна астық өткізу тапсырылған болатын; басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ільдар Исмагуловтың мәліметінше, қазіргі таңда 328 мың тоннасы сатылды. Таиланд, Парсы шығанағы елдері, Ауғанстан, Әзербайжан және Алжирмен астық жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Серік Жұманғарин қалдық астықты өткізуді жеделдетуді тапсырды.
Сондай-ақ көктемгі егіс және орақ жұмыстарына 5% жеңілдетілген несиелендіру барысы қаралды. Қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар, несиелік серіктестіктер және ӘКК арқылы жүзеге асырылады. Барлығы 7 543 өтінім түсіп, 499,4 млрд теңге сұралды, оның ішінде 7 485 шаруашылыққа 490,1 млрд теңге қаржы беріліп, 7,8 млн гектар егістік қамтылды.
Суармалы сумен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты. Алматы және Жетісу облыстарында вегетациялық кезең қауіпсіз өтіп жатыр, Жамбыл облысында Шу және Талас өзендері бойынша су беру кестеге сай жүргізілуде. Ауылдық округтерде бақша өнімдерін жинау аяқталып, суаруға деген қажеттілік азайды.
Отырыс соңында вице-премьер оңтүстік және негізгі астық өндіруші өңірлердің өкілдерін тыңдады. Жаппай орақ басталғаннан кейін штаб отырыстары апта сайын өткізіліп, туындайтын мәселелер жедел шешілетін болады.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде егін ору науқаны басталғаны хабарланған болатын.