Биыл 292 мың қазақстандық жұмысқа орналасты

1 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 221,7 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылып, 292,2 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Мансап орталықтары арқылы субсидияланатын жұмыс орындарына 129,8 мың адам жіберілді. Оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарында – 11,5 мың, жастар практикасында – 9,1 мың, қоғамдық жұмыстарда – 91,7 мың, «Күміс жас» жобасы аясында – 14,8 мың, «Алғашқы жұмыс орны» жобасында – 2,6 мың, ал «Ұрпақтар келісімшарты» жобасында – 90 адам жұмысқа орналасты.
Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытуға 48,5 мың жұмыссыз тартылып, олардың 45,3 мыңы курсты аяқтады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 34,6 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, оның ішінде 19 мыңы оқуды бітіріп, сертификат алды.
Жұмыс берушілердің өтініші бойынша 4 610 адам кәсіптік оқуға жіберілді, оның 834-і оқуды аяқтады. Сонымен бірге, кәсіптік орталықтарда 224,3 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтіп, кеңес беру қызметтерін алды.
– Жұмысқа орналасу бірнеше бағытта жүзеге асырылады және нақты жұмысқа орналасу фактісі міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады. 1 тамыздағы дерек бойынша, 292,2 мың адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде: жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында – 129,8 мың, Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер жариялаған бос орындарға – 86,2 мың, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 66,3 мың, орталық мемлекеттік органдардың жобалары аясында – 9,9 мың адам еңбекке орналасты, – делінген ведомство дерегінде.
Биыл халықтың әлеуметтік осал санаттарына жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) мөлшерінде 9 мың грант беру жоспарланған. Бірінші кезеңде 4,2 мың грант берілді. 11 тамыздан бастап «Business.Enbek» порталында екінші кезеңге өтініш қабылдау басталды.