Қат мамандық қайсы?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанға алдағы бірнеше жылда шамамен 3 миллион маман қажет. Ресми дерекке сәйкес, тапшы мамандардың тізімінде дәрігерлер, бастауыш сынып мұғалімдері, жүргізушілер, құрылысшылар, темір ұсталары, дәнекерлеушілер және өзге де жұмысшы мамандықтары көш бастап тұр. Елімізде маман таппай, тоқырап тұрған салалармен қатар, дипломы бар, бірақ жұмысы жоқтардың мәселесі тағы бар. Аталмыш қарама-қайшылық неден қалыптасып отыр? Еліміздегі жоғары оқу орындары еңбек нарығындағы сұранысты ескере ме?
Мамандық көп, маман тапшы
Жақында Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары кадрларға қажеттіліктің 2025-2035 жылдарға арналған болжамын жариялап, оның шеңберінде алдағы уақытта нарыққа ең қажет делінетін 25 мамандықтың тізімін жасады. Аталмыш тізімге қатысты орталық мамандарынан сұрап білген едік.
– Орта мерзімді болжамға сәйкес 2025-2035 жылдар кезеңіне Қазақстан экономикасындағы кадрларға жалпы қажеттілік 2 млн 977 мың адамды құрайтын болады. Оның ішінде қызмет көрсету саласының үлесі – 72%. Қызмет көрсету саласынан сұраныс негізінен білім беру (448 мың адам) және денсаулық сақтау (240 мың адам) тарапынан ұсынылатын болады. Бұдан басқа, жиынтық сұраныстың шамамен 21%-ы немесе 634 мың адам бизнес-қызметтер саласына тиесілі болмақ, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету (170 мың адам), қаржы және сақтандыру қызметі (166 мың адам) және ғылым саласына (160 мың адам) жатады, – делінген ресми жауапта.
Тізімнің көш басында тұрған мамандықтарды атар болсақ, денсаулық сақтау саласы қызметкері (67 884), аспаз (49 710), бастауыш сынып мұғалімі (38 772), балабақша тәрбиешісі (29 093), сантехник (27 448), құрылысшы (19 320) және өзгелері бар.
Осы тұста елімізде жұмысқа орналасу деңгейі төмен не керісінше, тізімде көш бастайтын мамандықтар бойынша сауалды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдаған едік. Себебі, кәсіпкерлер палатасы жыл сайын жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының сапасын анықтау мақсатында арнайы рейтинг жүргізіп келеді. Биыл оған еліміздің 95 жоғары оқу орны қатысты. 17 критерий бойынша жүргізілген рейтингте түлектердің мансаптық мүмкіндіктері, білім беру бағдарламаларының сапасы, жұмысқа орналасу деңгейі мен ұзақтығы және т. б. бағаланды. Тізімді саралайтын болсақ, өткен жылмен салыстырғанда түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі төмендегенін көруге болады. Былтыр бұл көрсеткіш 81 пайыз болса, биыл 75 пайызды құрады. Оған себеп болған негізгі факторлар туралы «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбеновтен сұрадық. Спикердің сөзінше, жалпы медицина және мейірбике ісі, информатика пәні мұғалімі мамандарына еңбек нарығында жұмыс табылып жатса, әлеуметтік ғылымдар саласы мамандары, саясаттанушылар, сән-дизайн, сызу, бейнелеу өнері сынды мамандықтарды таңдайтындарға сұраныс бола бермейтінін айтады.
– Кейбір мамандықтар бойынша еңбек нарығында артықшылық байқалады. Түлектер саны бос жұмыс орындарынан асып түседі. Екіншіден, экономикалық тұрақсыздық пен жекелеген салалардағы өсім қарқынының баяулауы жас мамандарды жұмысқа қабылдаудың азаюына әкелді. Сонымен қатар, түлектердің барлығында бірдей жұмыс берушілердің талаптарына сай келетін практикалық дағды жоқ. Бұған қоса, кейбір студенттер мамандықты дұрыс кәсіби бағдарсыз таңдайды, сәйкесінше бұл жұмысқа орналасуда қиындық тудырады, – деді маман.
Білім беру мен нарық сұранысының арасы алшақ
Иә, жоғары оқу орындары еңбек нарығының сұранысын әлі де қамти алмай отыр. Өйткені филологтарды оқытуға бейімделген ЖОО білікті химик не инженерлерді оқытуға қауқарсыз келеді. Мұндайда грант үшін оқитын студенттер емес, грант үшін оқытатын ЖОО саны көп көрінеді. Осыны мәлімдеген ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер жөніндегі институтының қоғамдық пікірді мониторингтеу бөлімінің бас сарапшысы Гүлназ Қасымова қазіргі қазақстандық еңбек нарығындағы жағдай алаңдатарлық деңгейде дейді.
«Қазақстанда инженерия, IT, жаратылыстану ғылымдары саласында білікті маман тапшы, екінші тұрғыда гуманитарлық бағыттағы даярланған кадрлар саны көп болғанның өзінде, олар өз білімін іс жүзінде қолдана алмай жүр. Түлектердің мамандығына сай жұмыс таба алмауының негізгі себебі – білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы алшақтық. Жоғары білім саласына мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, мыңдаған грант ұсынылғанымен, нақты нәтиже көңіл көншітпейді.
ЖОО мен колледж түлектері көбіне қызмет көрсету саласына кетіп жатыр немесе жоғары білімді талап етпейтін жұмыс орындарын иеленуде. Мұндай үрдіс жұмыссыздықтың көбеюіне алып келеді. Бұл мәселені шешуде мектептегі кәсіби бағдар беру жүйесін жүйелеу маңызды. Бірақ еліміздің әр өңіріндегі мектептерде кәсіби бағдар бірізділікпен жүргізілмейді. Соның салдарынан оқушылар болашақ мамандығын таңдау кезінде көбіне дипломның беделіне қарап шешім қабылдайды, ал еңбек нарығындағы сұраныс ескерусіз қалады. Сондықтан білім саласына реформа енгізу – бүгінгі күннің нақты қажеттілігі. Егер кешенді өзгерістер жүзеге аспаса, еңбек нарығындағы тепе-теңдік бұзылып, әлеуметтік теңсіздік тереңдей түсуі мүмкін» деді Г.Қасымова.
Сарапшылар жыл сайын гранттың көп болуы біліксіз мамандарды көбейтеді деп дабыл қағуда. Мәселен, биыл да сол үрдіс қайталанғандай. Жақында аяқталған негізгі ҰБТ қорытындысы бойынша «Ақпараттық технологиялар» мамандығы ең көп таңдалған (11 184 үміткер). Ал жалпы конкурстағы таңдауы ең аз мамандық – «Сумен жабдықтау және суды бұру». Небәрі 2 ғана талапкер таңдаған екен. Былайша айтқанда, инженердің имиджі жастарға қызықсыз болып тұр.
Грант бөлінісі қандай?
Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізіміне зер салсақ, елімізге алдағы уақытта ең қажет мамандықтарды білуге болады. Иә, қай мамандыққа грант көп бөлінсе, сондай салада кадрлар қат екенін білдіреді. Осы жылы бөлінген барлық 77 мың білім грантының 18 мыңы – инженерлік бағытқа, 13 мыңы – педагогикалық, 11 мыңы ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект бағытына жіктелді. Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырды.
Талапкерлердің грант саны көп, «қолжетімді» мамандықтарға түсуі жақсы нышан емес. Бастысы, грант деген бала оқуын әйтеуір тәмамдап, дипломы бар, жұмысы жоқ адамдардың қатарын еселейді, тіпті жұмыс істеген күннің өзінде сапасыз кадрлардың санын ғана арттырады. Бұл грантқа жұмсалған бюджеттің нәтижесіздігін тағы бір мәрте көрсетеді.
– Біз бір мектептің бастауыш сынып оқушыларына «Болашақта қай саланың маманы болғыңыз келеді?» деген ортақ сұрақ қойдық. Ғарышкер боламын дейтін бірде-бір бала жоқ. Инженер, дәрігер, мұғалім болуды армандайтындар санаулы. Қызығы, олардың арасында «тик-токер» боламын дегендер кездеседі. «Неге?» десек, «оларда ақша көп» деп жауап береді. Бастауыш сынып оқушысының көзқарасы осындай.
Бүгінде түлектердің жұмысқа орналасу мәселесі ойлантады. Себебі бір салада маман артылса, екіншісінде мүлдем тапшы. Сұранысты қанағаттандыру үшін қажет мамандықтар туралы деректі үнемі жаңарту маңызды. Талапкерлердің болашақ мамандықты таңдауы үшін кәсіптік бағдар берушілер тарапынан жүйелі түрде кеңес алуды жолға қойған жөн. Ата-аналар арасында педагогпен кеңесіп, мамандық таңдау дегенді кейбірі білмейді. Гранты көп мамандықты таңдай салады. Оқу орындары да жастарға еңбек нарығы туралы ақпаратты ашық жеткізіп отыруы керек, – деді өз сөзінде «Профориентологтар» қауымдастығының төрағасы Жадыра Тойбай.
Индира Бержанова