Басты ақпаратМәселе

Көшпелі өмір салты

неге туризм нысанына айналмай отыр?

Абай атамыз кезінде: «Өзгеге еліктеп, өзіңді жоғалту – ең үлкен қасірет» деп айтып кеткен екен. Қазақстан – үш ғасырға жуық отарлық үстемдіктің тізгінінде өмір сүрген ел. Бұл кезең – ұлттық сананың қалыптасуына, мәдени кодтың сақталуына, халықтың өз болмысына деген көзқарасына терең із қалдырып кеткен заман ретінде есте қалды.

Қазақ халқының тілі, діні, ділі, дәстүрі мен таным-түсінігі осы тарихи кезеңдерде сан түрлі қысымға ұшырап, нәтижесінде өз түп-тамырынан, ұлттық ерекшелігінен ұялатындай күй кешіп, өзгенікін жоғары санайтын ұрпақ қалыптасты.

Елімізде тәуелсіздік алғаннан бері отарлық сана мен кіріптарлық күйден арылуға бағытталған түрлі ұмтылыс­тар жасалып, қоғамда біртіндеп оң өзгерістер де байқалып жатқаны рас. Мысалы, этно ұғымды дамытып жатқан кәсіпкерлік бастамалар ретінде «Тары» кафе-сетінің өзегінде – дәстүрлі тарыға негізделген авторлық десерттер мен сусындар ұсынылатын, ұлттық дәстүр мен заманауилықты үйлестірген этно-кафелер ашылып жатыр. Дегенмен, әлі де тереңде жатқан отарлық комплекcтер мен ішкі кедергілер толығымен жойылды деп айту қиын. Мысалға, бүгінде халық арасында: «Біз Шыңғыс ханнан бұрын ақ нәсілді, көк көзді ұлт едік, бізді «бұзып» кеткендер — моңғолдар» деген мазмұндағы нарративтер көп тарап жатыр. Сонда қазақ халқының әлі де өзін «үстем» ұлттан төмен санап, мәдени және психологиялық тәуелділігі бар екенін анық байқаймыз. Нағыз еркіндікке ұлт өз тамырынан нәр алып, өзіндік бағыт ұстаған жағдайда ғана жете алады.

Осы мақсатты жүзеге асыруға жол ашатын нақты, пәрменді жолдардың бірі – көшпелі мәдениетті негіз еткен туризмді дамыту. Көшпелі туризм – бұл қазақ халқының дәстүрлі көшпелі өмір салтын, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін бетпе-бет табиғи болмысында сезінуге мүмкіндік беретін этномәдени бағыттағы туризм түрі. Көшпелі саяхатты сезінемін деген әрбір қонақ қазақтың көшпелі өмір салтын тек бақылап қана қоймай, соның бел ортасына енеді. Саяхатшылар әдеттегі салтанатты қонақ үйдің орнына киіз үйде түнеп, таңғы салқынмен мал өргізуге қатысып, одан басқа қымыздың бабын біліп, қолөнер шеберлерінен ұлттық бұйым жасаудың сырын үйренді. Көкпар, қыз қуу, теңге ілу сияқты ұлттық ойындар көрініс ретінде ғана емес, шынайы тәжірибе ретінде ұсынылады. Көшпелі туризмнен қазақ ұмыт болған рухымен қайта қауышуға мүмкіндік алса, өзге елден келген саяхатшылар ой санасын кеңейту мүмкіндігіне ие болады.

Көшпелі туризм – ұлт рухын оятумен қатар, ел экономикасын ілгерілететін қуатты құрал. Аспан тілдескен ғимараттар, заманауи көшелер қазіргі әлем саяхатшыларын жалт қарата алмайды. Неге? Себебі, бұндай өркениеттер әлемнің түкпір-түкпірінде қайталанып жатыр. Менің ойымша, көмескеде көміліп жатқан біздің төл мәдениетімізді қайта жаңғыртсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Оның дәлелі – көршілес Моңғолия елі. Моңғолия елінің инфрақұрылымы біздің елге қарағанда көш артта болса да, әлемнің ағысы болған жаңа желіні ұтымды пайдалана білді. Мәселен, Моңғолия мемлекеті әлеуметтік желінің жастар арасында маңыздылығын жете түсініп, қалада өскен жастарды дархан табиғатқа эстетикалық видеолар арқылы және микро-блогер саяхатшылар арқылы тарта бастады. 2024 жылы бұл елдің шекарасынан 7,179 миллион адам өткен, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 34,6%-ға көп. Соның нәтижесінде кірісі 1,5 миллиард АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіштің өзі шетелдік қызығушылықтың қаншалықты өскенін аңғартады. Айта кетерлігі, шетелдік туристердің 32,1%-ы Еуропа және АҚШ-тан келген екен. Бұл Моңғолия туризмі тек көршілес нарықпен шектелмей, жаһандық деңгейге шығып отырғанын дәлелдейді. Туристердің басым бөлігі көшпелі өмір салтымен танысу үшін келеді. Туризмнің дамуы кілең саяхатшылармен ғана шектелмейді, бұл ұзақ мерзімді болашақта сол елдің мәдениет, спорт сияқты салалардың әлемге танылуына түрткі болады. Мысалға, батыс елдерінің Моңғолияда тұрып жатқан бүркітші қазақ қызының өмірі жайлы түсірген фильмі ағылшын әлемінде айрықша аңыз қозғады. Фильмде көрсетілген құсбегілік қазақ мәдениеті болғанымен, әлем оны Моңғолияның көшпелі мәдениеті ретінде қабылдады. Бұл да біздің егеменді ел ретінде әттеген-айымыз, бір кем дүниеміз!

Мен жас ұрпақ ретінде ағылшын тіліндегі контентті көп шоламын. Сонда менің бір байқағаным, шетелдіктер көшпелі туризм жөнінде ауызға алғанда көбінде Моңғолия мен Қырғызстанды атап өтеді екен. Бұл арада біреудің қаңсығын, өзіме таңсық қылып отырған жоқпын. Қайта, өркендеген елдердің біздің төл мәдениетімізді қызыға қабылдай бастаған мүмкіндігін пайдаланып қалғым келіп тұр. Қысқасы, көшпелі мәдениетті дамытудың қазақ елі үшін ауадай қажет екенін аңғарамыз.

Әр азамат өз елінің дамығанын қалайды. Мен де көшпелі туризмнің төрт тұрманы түгенделіп, жеті құрлықтан саяхатшылардың елімізге ағылып, көшпелі мәдениетіміздің халықаралық деңгейде көрінуін қалаймын.

Айзат СЕРІКБЕК

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button