Абай әні асқақтады

Астана қаласы әкімдігі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен ұлы Абайдың 180 жылдығына орай «Абай жыры – мәңгілік мұра» атты поэзиялық-музыкалық кеш өтті.
Кеш сахналық қойылыммен басталып, белгілі өнерпаз Кенжебек Кенжетайұлы баяу күймен сүйемелдеп, Абай Құнанбайұлының бейнесіндегі Дүйсен Ділдәбек Абайдың өмір жолы, елге қалдырған мұрасы, ақынның даналығы мен терең ойлары жайлы баяндап, қара сөзінен үзінді оқыды. Одан кейін Абай шығармаларын сүйіп оқитын зейнеткерлер ұлы ақынның өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.
– Бүгін біз ерекше бір кешке, тағылымы мол, рухани маңызы терең іс-шараға жиналып отырмыз. Бұл – жай ғана мәдени іс-шара емес, бұл – ұлттың ұлы перзенті, қазақтың рухани жарық жұлдызы, ой алыбы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай жыры – мәңгілік мұра» атты поэзиялық-музыкалық кеш. Абай – халқымыздың рухани темірқазығы, елді ел қылған парасат иесі. Оның артына қалдырған мол мұрасы – терең ойдың, биік рухтың, шындықты ту еткен сөз өнерінің асыл үлгісі. Абай – қазақ ойының биік шыңы, руханиятымыздың алтын діңгегі. Сондықтан бүгінгі кеште біз Абайдың өлеңдері мен қара сөздері арқылы оның ұлағатты мұрасын еске алып қана қоймай, оны жүрекпен сезініп, жаңа ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтып отырмыз. Бұл – жарыс емес, бұл – жүректің үнін, сананың сәулесін біріктірген рухани бас қосу. Бұл кештің тағы бір үлкен мәні – Абай мұрасын ардақтап қана қоймай, өмірлік тәжірибесі мол зейнеткерлеріміздің шығармашылығына қолдау көрсету, олардың бойындағы рухани байлықты бағалау, ортаға салып, өскелең ұрпақпен бөлісу. Сонымен қатар, Абай «Толық адам» туралы айтып кеткен, кемелдікке ұмтылған жанның бейнесін сомдаған. Бүгінгі кеш – сол толық адам болуға, Абайша ойлауға, Абайша сөйлеуге, Абайша өмір сүруге талпыныс жасау, – деп атап өтті Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы Меруерт Нұрғалиева.
Ең қызығы – кешке Абайдың қызы Күлбадан әулетінен тарайтын Сырғагүл Дутбаева қатысып, ол Абайдың көпшілік білмейтін әндерін орындады. Сондай-ақ өзін ұлы ақынның ұрпақ жалғастырушысы ретінде бақытты сезінетінін айтып марқайды.
Кеш аясында қатысушылардың өнері бағаланып, арнайы номинация иелері де анықталды. Оларды анықтау үшін қазылар алқасы құрамында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тіл маманы Меруерт Нұрғалиева, Перспективалық даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің маманы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Искендыров және қазақ тілі пәнінің мұғалімі Райхан Мұқанова болды.
Нәтижесінде Абай оқуларына арналған номинациялар бойынша «Абай мұрасын насихаттаушы үздік өнерпаз» деп Сырғагүл Дутбаева танылып, «Үздік көркем оқу» номинациясы Еркін Қасеновке, «Мәнерлі жеткізе білгені үшін» – Жұмағат Мұқановқа, «Абай жырына деген махаббат» – Бахтина Қанышаға, «Әсерлі сөз шебері» – Бақтыгүл Жолдыбаеваға бұйырды. Ал ән номинациялары бойынша «Абай әнін жүрекпен жеткізгені үшін» Ермек Тұрлыбаев марапатталса, «Үздік вокалдық шеберлік» – «Замандастар» тобына, «Көркем орындау» – Нәзігүл Омарғалиеваға берілді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ, Шапағат ӘБДІР