Саябақты тазартып, кітап алмасты

Кеше елорданың Студенттік саябағында Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің қолдауымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында экологиялық шара өтті.
Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және тазалықты сақтау, әрбір аулада тазалық пен тәртіпке саналы, адал көзқарас қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған акцияға «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жастары қатысты. Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов жастарға ақыл-кеңесін айтып, олармен бірге экологиялық акцияға атсалысты.
«Осы акция арқылы Астана қаласы Қоғамдық кеңесі мүшелерін «Жасыл ел» жобасымен, оның аясындағы жұмыстармен таныстырып отырмыз. Бұл еңбек жасақтарының жастары қаланы көгалдандыру, тазарту істеріне бірінші жыл қатысып отырған жоқ. Олар елордамызды көркейтуге қанша жыл көлемінде атсалысып келе жатыр. Биыл жоба шеңберінде мамыр-тамыз айларында 5200-ден астам жас азамат: мектеп оқушылары мен студенттер саябақтар мен скверлерде, мектептер аумағында, қаламыздың құрылыс нысандарында, қала маңындағы «жасыл белдеуде», әлеуметтік нысандарда жарты күн жұмыс істейді» деді қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.
Игі бастамаға 150-ден астам жас ерікті қатысып, табиғатты қорғауға өз үлесін қосты. Жастар күні бойы саябақ аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, 200-ден астам ағашқа су құйып, қоршаған ортаны жасыл желекпен көмкеруге атсалысты. Шара барысында саябақ ішіндегі қоқыс пен арамшөп жиналып, жалпы салмағы 150 килограмнан асатын 18 қап қалдық шығарылды.
Экологиялық шара мұнымен шектелмеді. Жастар арасында өткен «Кітап алмасу» акциясы да ерекше қолдау тапты. 30-дан астам жас өздері оқып шыққан кітаптарын жаңа кітаптарға алмастырып, білімге деген қызығушылықты, рухани байлыққа деген құштарлықты танытты. Бұл бастама жастар арасында оқу мәдениетін дамытудың тағы бір жолы ретінде бағаланды.
Сондай-ақ 20-дан астам қатысушы үйлерінен арнайы алып келген пластикалық бөтелкелер мен ыдыстарды тапсырып, қайта өңдеуге жіберді. Бұл әрекет күнделікті тұрмыста да экологиялық жауапкершілік таныту қажеттігін көрсетті.