Әлеумет

Оқырмандар олжасы

Елордада өтіп жатқан «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде түрлі бағыттағы жаңа кітаптар оқырмандарға таныстырылып жатыр. Соның ішінде көркем әдебиеттің алып отырған үлесі аз емес. Сондай туындылардың бірі – былтыр «Фолиант» баспасынан жарық көрген белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуаныш Жиенбайдың «Күн түспейтін терезе» атты кітабы.

Қаламгердің бұл кітабына енген әңгімелерінің біразы Арал теңізі тақырыбына арналған. Жазушы жағалаудағы жерлес­терінің сан қилы тағдырын, олардың қайсар мінезін және арпалысқа толы сезімдерін аса дәлдікпен суреттелген. Автор шағын әңгімелері арқылы-ақ адам психологиясын ашуға толықтай мүмкіндік барын дәлелдеп, ешкімге ұқсамайтын өз қолтаңбасын анық аңғартады. Кезінде мерзімді басылымдарда жарияланып, оқырман қауымнан жоғары бағасын алған «Қашқын», «Өгей», «Елден жолданған жеделхат», «Ұры», «Күн түспейтін терезе», «Әкім кетіп қалды» секілді әңгімелеріндегі тың ой, тосын шешімдер ешкімді де бейжай қалдырмайды.

«Елордада өткен экологиялық саммитте Орта Азия мемлекеттерінің басшыларымен және әлемдік экологияның жанашыр­ларымен Арал проблемасы айтылды. Аралдың проблемасы үлкен халықаралық, әлемдік деңгейдегі проблема болып отыр. Мен сол Аралдың жағасында өскен адаммын, сондықтан Аралдың проблемасының халықаралық дәрежеге көтерілгені – мен үшін қуаныш. Теңіз деген бір адамға үлкен ғажап әлем сыйлайтын ғажайып дүние ғой. Демек, теңіз – адамды тебіреніске бөлейтін, шығарма жазуға итермелейтін сондай бір ғажайып құбылыс. Сондықтан мен сол теңіз жағалауында туған адамдарды қадірлеймін және өзімді теңіз жағалауында туғаным үшін осы бақытты адамдардың бірі деп есептеймін» деді Қуаныш Жиенбай осы жиында.

Сондай-ақ көрме-жәрмеңкеде ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «Жалғыз қол» кітабы мен осы туындының түрік тіліндегі аудармасы таныстырылды.

Бұл поэма Екінші дүние­жүзілік соғысқа қатысып, Курск шайқасында бір қолынан айырылғанымен, елге оралған соң ауыл шаруашылығын өркендетуге бар ғұмырын арнаған соғыс және еңбек ардагері Тұрдығали Мәмбетовтің тағдырын арқау етеді.

Кеше көрме-жәрмеңке алаңында белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаровтың 75 жас мерейтойына арналған «Сырлы әлемнің сыршыл суреткері» атты халықаралық дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Көрме-жәрмеңке жексенбіге дейін жалғасады. Соңғы күні, яғни 26 сәуірде көрнекті қаламгер, әдебиеттанушы, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай. Конгениальность. Congeniality» атты кітабының халықаралық таныстырылымы өтеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button