«Алаштың асқан тәңірі Абай»

Елорданың «Жастар» театрында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Өлең – сөздің патшасы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Ұлы Абайдың рухани мұрасын дәріптеу, қазақ өлеңінің құдіретін насихаттау, жас ұрпаққа рухани құндылықтарды сіңіру мақсатында кешті Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы
ұйымдастырды.
Поэзия салтанатының тізгінін ұстаған аталмыш филиал директоры, белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы Абайға соқпай кетпейтін қазақ ақындары аз екенін, Абай ұлттың темірқазығына айналғанын атап өтті. Абай туралы Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев сынды классик ақындардың өлең жолдарын келтірді. Абайды ұлықтау бұдан кейін де жалғасып, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Жазушылар одағының қалалық филиалы ұлы ақынның туған күні қарсаңында елордадағы ескерткішінің маңында «Абай алдында» атты поэтикалық кешті өткізетінін жеткізді.
Астанадағы аға буын, орта буын, жас буын ақындар жиналған кеште өлеңдер шеруін «Ардакүрең ақын» атанған Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай бастап, осыдан 30 жыл бұрын Абайдың 150 жылдығына орай республикалық үлкен жыр жарысы ұйымдастырылғанын, оған жас ақын ретінде өзі де қатысқанын еске алды. Сол кездегі жастар қазір аға буынға айналғанын айта келе, Абай арқылы жас ақындардың шырағын жағудың маңызына тоқталды. «Абаймен сырласу» атты өлеңін оқып, «Алаштың асқан тәңірі Абай» деп толғанды.
Жыр мерекесін әрі қарай Сұраған Рахметұлы, Оңайгүл Тұржан, Жанарбек Әшімжан, Маржан Ершу, Мұхарбек Махамбет, Қалқаман Сарин, Толқын Қабылша, Асантемір Қаршығаұлы, Мақпал Мыса, Олжас Сәндібекұлы, Қабиден Қуанышбай, Жәнібек Әлиман, Шапағат Әбдір және т. б. ақындар жалғады.
Кештің жаңалықтарына келсек, кезінде өлең өлкесінен жақсы көрініп, белгілі ақындардан жоғары баға алған, бірақ кейін поэзиядан көрінбей кеткен Әбубәкір Смайылов пен Батырболат Айтболатұлы сахнадан өлең оқыды. Осы күні поэзия көгінен жаңа есім жарқ етіп көрінді. Бұл – өткен аптада «Қазақ әдебиеті» газетінде Ғалым Жайлыбайдың алғысөзімен топтамасы жарық көрген, Қытайдан жақында көшіп келген Өркен Салубай.
Кешті «Көркем» ансамблі ән-күймен көркемдеді. Абайдың әндерін, басқа да белгілі туындыларды орындап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Аманғали ҚАЛЖАН