«Жұмыс берушілер арасындағы бедел»

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық беделін сенімді түрде нығайта түсуде. QS World University Rankings 2025 жаһандық рейтингінің қорытындысы бойынша ЕҰУ әлемде 317-орынды иеленіп, халықаралық академиялық ортада орнықты өсім мен серпінді дамуды көрсетті.
ЕҰУ-дың «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» көрсеткіші бойынша әлемнің үздік 100 университетінің қатарына енуі – ерекше мақтаныш. Бұл – университет тарихында рейтингке қатысу кезіндегі ең жоғары жетістік және ЕҰУ қабырғасында даярланған мамандардың еңбек нарығының ең жоғары талаптарына толық сай келетінінің дәлелі.
Университеттің жоғары жетістіктерге жетуі – бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау бойынша жүйелі жұмыс пен жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастықтың нәтижесі. ЕҰУ құрылымында кәсіби тәжірибені ұйымдастыру, студенттер мен түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, сондай-ақ жетекші компаниялармен және мемлекеттік органдармен серіктестікті дамыту бағытында табысты қызмет етіп келе жатқан Карьера және бизнес-әріптестік бөлімі жұмыс істейді.
Университет бизнестің және сыртқы стейкхолдерлердің қатысуымен жүйелі ынтымақтастық стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді: серіктестік туралы келісімдер жасалады, бірлескен білім беру және ғылыми жобалар іске асырылады, тағылымдамалар мен өндірістік тәжірибе ұйымдастырылады. Жұмыс берушілер білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, құзыреттерді қалыптастыруға және дипломдық жұмыстарды сараптауға белсенді қатысады.
Бүгінгі таңда кәсіби тәжірибе өткізу бойынша 1300-ден астам келісімшарт жасалған, олардың көпшілігі кейінгі жұмысқа орналасуды қарастырады. Соңғы жылдардағы түлектерді жұмысқа орналастыру деңгейі тұрақты түрде жоғары.
Университеттің серіктестері қатарында ұлттық және халықаралық жетекші компаниялар мен ұйымдар бар: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомпром» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, «Қазақстан электр энергиясы мен қуатының нарықтық операторы» АҚ, «Қазгеология» АҚ, «Teach for Qazaqstan» ҚҚ, QSamruk.kz, BI Group, Ernst & Young, KPMG, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ және т.б.
Ұйымдар базасында 76 кафедра филиалы жұмыс істейді, онда студенттер кәсіби ортада сұранысқа ие тәжірибелік білім мен дағдыларды меңгереді.
Жыл өткен сайын университет тек білім беру орны ғана емес, сонымен қатар жаңа көшбасшылар тәрбиеленетін және табысты мансаптар бастау алатын алаңға айналуда.