Қала мен сала

«Aulafit» жобасы басталды

Уақыт өткен сайын Астанада халықты бұқаралық спортқа тартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Соның дәлелі ретінде биыл жазғы және күзгі маусымда елорда тұрғындарына арналған «Aulafit» атты арнайы спорт жобасы іске қосылды.

Өткен жылы осы жоба аясында 15 кәсіби жаттықтырушы елорданың 30 ауласында тегін сабақ өткізіп, 3 мыңнан астам адамға спортпен шұғылдануға көмектескен. Бұл жоба салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қала тұрғындары арасында белсенді демалысты дамытуға зор үлес қосуда.

«Бүгінде Астана қаласында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асуда. Ұйымдастырылып отырған жоба – аталған бағыттағы маңызды бастаманың бірі. Жазғы демалыс кезінде балалардың аталған іс-шараларға тегін қатысуы – олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және зиянды әдеттерден, оның ішінде нашақорлықтан бойын аулақ ұстауына үлкен септігін тигізеді. Бұл – өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына жол ашатын игі бастама» дейді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.

Ұйымдастырушылардың ­айтуынша, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан жоба қыркүйек айының соңына дейін тегін өтеді. Қатысам деушiлердiң жасына ешқандай шектеу қойылмайды.

– «Aulafit» жобасының елорда тұрғындары арасында салауатты өмір салты мен белсенді өмірге деген ұмтылысына айналғанына бесінші жыл толып отыр. Биыл жаттығулар қаламыздың 6 ауданы бойынша 30 аула алаңында өтеді. Сабақтар маусымнан қыркүйек айының соңына дейін, дүйсенбі мен сенбі күндері аралығында жалғасады, – деді «Aulafit» жобасының ұйым­дастырушысы Айтжан Мусин.

Еске салайық, «Aulafit» жобасы алғаш рет 2020 жылы басталып, сол жылдың мамыр айынан бастап iске қосылған. Осы орайда жоба аясында тұрғындарды жаттықтырып жүрген білікті бапкер Әйгерім Уәлиева да өз ойымен бөлісті.

«Екі жылдан бері осы жобаға атсалысып келемін. Мен былтыр «Мадрид» тұрғын үй кешеніне жауапты болдым. Таңертең үлкен кісілерді, түс­тен кейін балаларды жаттықтырдым. Қатысушылар тек жүгіріп қана қоймай, йога, жалпы дене дайындығымен айналысты. Ал кішкентай жастағылардың қай спортқа бейім екенін анықтап, сол саланың бапкерлеріне айтып отырдық. Мысалы, былтыр 3 баламыз жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айналысуға шешім қабылдады. Ал үлкен кісілеріміз ауламен ғана шектеліп қоймай, қалалық марафондарға қатысып үлгерді» дейді «Aulafit» жобасының бапкері Әйгерім Уәлиева.

Жоғарыда айтқандай, «Au­lafit» жобасы дүйсенбі-сенбі аралығында елорданың 30 арнайы белгіленген мекенжайында өтеді. Сонымен қатар бір күннің әр сағатында белгілі бір жаттығу түрлері мен арнайы сабақтары бар. Яғни аға буын өкілдеріне арналған жаттығулар, ұлдар мен қыздарға арналған сабақ, 6-10 жас аралығындағы балаларға арналған жаттығулар, 11-15 жастағы балаларға арналған сабақ және жастарға арналған жаттығулар бөлек белгіленген уақыт бойынша жүреді.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button