Қоғам

Әртіс болу армандары орындалды

Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Армандар орындалады» атты спектакльдің премьерасы өтті.

Қойылым Астана күніне орай Жұмысшы мамандық­тары жылы аясында сахналанды. Спектакльдің авторы әрі режиссері – Нұржігіт Мүсілімов. Кейіпкерлері – агроном, сантехник, электрик, мұғалім, бағдарламашы, құрылысшы, дәрігер, аспаз, даяшы және еңбек қауіпсіздігі инженері. Олардың барлығы бір жатақханада тұрады. Бұл қоғамның шағын моделі іспетті, мұнда әркім өз рөлін атқарады. Барлығын үйлестіріп, байланыс­тырушы ретінде комендант Айжан бейнеленеді. Басты кейіпкер – өзінің болашақ мамандығын таңдай алмай жүрген жас жігіт Дархан. Қойы­лым барысында ке­йіпкерлер сахнадан өз мамандығына қалай келгенін әңгімелейді.

Автор Нұржігіт Мүсілімов­тің айтуынша, басты мақсат еңбек адамының бейнесін насихаттау, қандай мақсатпен, не үшін жұмыс істейтінін көрсету болды. Қойылымның ерекше­лігі – әртүрлі мамандық иелері сахнада өздерін сом­дауы. Олардың қатарында Астанадағы №85 мектеп-лицейінің мұғалімдері, дәрігер-интерн, даяшы, бағдарламашы және электрик бар. Оларға төрт кәсіби актер көмектесті. Купидон рөлін Ерхат Жеңісбек ойнады. Ол – Астана медицина университетінің студенті. Дәрігер-интерн бола тұра, бала күнінен актер болуды армандаған оның арманы орындалды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button