Басты ақпаратЕл тынысы

Ұлтымыздың төрі

Бүгінде ерке Есілдің жағасынан керегесі көкжиектей кең, терезесі төрт құбыламен тең ұлтымыздың дидарына, халқымыздың мерейіне айналған Астана – мәңгілік елдің маржан қаласындай өркен жайып келеді. Ұлт мақтанышына айналған елордамыз – жасару мен жаңғыру жолындағы жасампаз ұлтымыздың жаңа дәуірдегі жаңа келбеті болғаны дәуір шындығы. Өйткені қазіргі таңда төрткүл дүние көз тіккен Астана шаһары әлемдік саясат пен халықаралық экономикалық байланыстың, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің, бейбітшілік пен береке-бірліктің қаласына және жоғары технологиялар мен инновациялық идеялардың лабораториясына айналғаны көпке аян. Елдігіміздің тұмарын таққан бас қаламыз – кешегі ат үстінен түспеген ата-бабаларымыздың ақиқатқа айналған армандарының жарқын көрінісі және тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміздің айқын символы.

Астана қаласының мәні мен мәртебесі жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыз­дың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім» деген ордалы ойынан, Отанымыздың жүрегіне айналған Астанамыз­дың бүгінде ұлт Тәуелсіздігімен ажырамас егіз ұғымға айналғанын анық көруге болады. Өйткені Астана – жаңа дәуірдің үні жеткен дауысы, ғасырдың қаласы! Ол – ұзақ жылдар Қазақстанның саяси, мәдени және тарихи орталығы болып жайқалған ару Алматы қаласы мен бар қазақтың қуанышын бірінші болып мұзарт шыңдарынан сүйінші хабарын жеткізетін ақбас Алатаудың ақ батасын алып, қоңыраулы көшінің бетін самалы ескен, боз жусаны омыраулап өскен  Сарыарқаның сауырына бұрған қала және бар қазақтың ізі мен сүйіспеншілігі қалған Сарайшық пен Орынбордың, Қызылорда мен Алматы сынды астаналардың бай дәстүрлерін жалғап, отын сөндірмеген қала. Мысалы, жаһан жанары ауған Париж Эйфель мұнарасымен әсем болса, Лондон Биг-Бенімен мақтанса, Москва Кремлімен көркем көрінсе, біздің Астанамыз – Бәйтерегімен биік, Ақ Ордасымен сұлу! Сонымен қатар, зау-заңғар бас қаламыз – ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» мәртебесіне ие болған Орта Азия­дағы жалғыз қала! Кешегі 300 мыңның төңірегінде ғана  халқы бар Целиноград, Ақмола қалаларынан эстафетасын алған Астана  тұрғындары – бүгінде 1,5 миллионнан асып жығылып, 2 миллионды мақсат тұтқан өскелең ұрпақтың, жастардың қаласы. Жылына жүз мыңға жуық сәби дүние есігін ашатын жас бөбектердің кіндік қаны тамған жауһар қала! Сондай-ақ ардагерін ардақтап, ақ жаулықты аналарын құрметтеген ізгілігі мен мейірімі көпке ортақ өнегелі қала!

Мұнда бірнеше заманауи білім стандарттары негізіндегі жоғары және арнаулы оқу орындары, жалпы білім беретін мектептер еліміздің келешегі, ұлтымыздың болашағы жастар үшін есіктерін айқара ашып отыр. Яғни, Астана қазіргі таңда оқушылар мен студенттер қаласы атанды. Осылайша елордамыз жастардың ұлттық рухын оятқан, олардың бойына отансүйгіштік пен білім мен ғылымға деген құмарлық сіңірген асыл қала биігіне көтеріліп отыр.

Тағы бір көңілге қонымды жағдай, ол бас қаламыздың көшелерінен, әсіресе сол жағалаудағы көшелеріндегі тұнып тұрған қазақи атаулардан ұлттық қасиеттерді айқын аңғаруға болады. Және жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары демалатын көптеген саябақтар мен аллеялар қаламызға сән беріп отыр. Сондай-ақ елорда төріндегі әл-Фараби, Абай, Кенесары хан, Бөгенбай батыр, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Жұмабек Ташенев сияқ­ты бірқатар тау тұлғалардың еңселі ескерткіштерінің жас ұрпаққа тағылым мен тәрбие орны болып жүргені де – жақсылықтың нышаны. Ұлт денсаулығы сапасын арттыру мақсатындағы мемлекеттік саясаттың арқасында салынған озық клиникалар мен ауруханалар да осында бой көтеріп, халқымызға қыз­мет етуде. Ал халықаралық үлгіде салынған әуежай мен теміржол бекеті – шаһар көркіне көрік беріп тұрған нысандар. Сонымен қатар, Астана халықаралық және республикалық спорт жарыс­тары өтетін «Астана арена», «Барыс арена», «Алау» жабық мұз айдындары, Ж.Үшкемпіров атындағы спорт сарайы сынды нысандар қала көркін ашып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың, оның ішінде жастар мен жасөспірімдердің тұрақты түрде спортпен айналысуына мол мүмкіндіктер жасап отыр.

Ең үлкен жетістіктердің бірегейі, ол Астанамыздың еліміздің рухани темірқазығына айналғаны деп танимын. Мұнда мәдениет, әдебиет пен өнер салаларының түбегейлі даму жолына түскенін ашық айтқан абзал болар. Ұлттық академия­лық кітапхана мен театрлар, кино залдары мен мұражайлар, түрлі деңгейдегі әдебиет пен өнер байқаулары, спектакльдер мен концерттер, аламан айтыстар да қала халқы мен арнайы келген қонақтарды қуаныш сезіміне бөлеуде.

Артта қалған белесті жылдарда ақ ордалы елордамыз жаһандық интеграцияның, қауіпсіздік пен бітімгершіліктің эпицентріне, аса ірі көлемдегі халық­аралық саммиттер мен форумдардың, кездесулер мен келіссөздердің орталығына айналды. Осы тұста ел мен елді, халық пен халықтардың арасын жақындатудағы сіңірген аса зор тірлігі үшін «Астана рухы» түсінігі әлемдік сая­сатқа берік енді. Сондай-ақ жасыл желекке оранған жас елордамыздан бүгінгі Батыс пен Шығыстың философиясы мен ұлттық нақыштағы архитектуралық келбеті үндес­тік тауып, Қазақ елі болып қалыптасуымыздың мызғымас нышаны болып берік орнықты.

Осылайша күн санап қарышты дамыған Астана бүкіл ел экономикасына серпінді күш әкелді. Нәтижесінде кең-байтақ Қазақстанның барлық өңірлері елордаға қарап бой түзеді, бәсекелесе отырып, өркендей түсті. Мұнда жаңа ірі өндіріс орындары ашылып, шағын және орта бизнес қанат қақты. Жол, жарық, ауыз су, жылу, газ тарту сияқты инфрақұрылымдық жүйелер желісі көңілге қонымды. Алты ай сықырлаған қытымыр қысы бар Арқаның қары мол күндері қала әкімдігі жергілікті тұрғындарға барын салып қыз­мет етудің үлгісін көрсетіп, көптің алғысына бөленіп жүргенін көзіміз көріп жүр. Олар көлік жолдары мен жаяу жүрушілерге арналған жолдарды үздіксіз тазалап тұру әдетінен жаңылған емес.

Жалпы еліміздегі ең биік көк туымыз көкке желбіреген Астанамыз күн санап өсіп, үкінің баласындай үлпілдеп, үлкейіп келеді. Өйткені бас жоспары қайта қаралған еліміздің бас қаласы – бар қазақтың ырыс-дәулеті тасыған тайқазаны! Өрге жүзген Алаштың Астанасы ұрпағымен мың жасап, ғасыр­лардан ғасырларға ұласатын ұлы шежіресі болып қалары күмәнсіз.

Бүгінде ұлтымыздың төл құжатына айналған Астананың тарлан тарихы мен киелі қасиеттері тек қана мерейтой күндері кезінде ғана емес, басқа уақытта да үзбей аталатын, көптің санасында, жастардың жадында жүретін қастерлі ұғымға айналуы аса қажет. Өйткені ұлтымыздың жылы ұясына айналған ол – Отанымыздың жүрегі, Тәуел­сіздігіміздің тірегі, барша әлемді тамсандырған тұлғалы бас қаламыз!

Жасай бер, жайнай бер, жылдан-жылға құбылып, күннен-күнге құлпырып келе жатқан әсем Астана, жыр Астана, ән Астана! Аршындай бер, адымдай бер, үні алысқа кеткен нар қазақтың алдаспаны, мәңгілік ару Астана!

Қырғызәлі ТІЛЕУОВ,

зейнеткер,

Астана қаласы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button