«Таза Қазақстан» жанашырлары

Астанада елорда күні қарсаңында және «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында журналистер мен блогерлер арасында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауының қорытындысы шығып, жеңімпаздар марапатталды. 15 мамыр мен 30 маусым аралығында өткізілген байқауға 118 журналист, блогер және шығармашылық тұлғалар қатысып, 130-дан астам материал ұсынылған.
Салтанатты жиында «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағынов сөз сөйлеп, ел Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылының» маңызын атап өтті.
Биылғы байқауға қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Бұл қоғамда экологиялық мәдениет тақырыбының өзектілігі жоғары екенін және бұқаралық ақпарат құралдарының оған белсенді түрде үн қосқанын аңғартады.
Қазылар алқасының құрамында ақпарат саласының танымал өкілдері болды. Комиссия төрағасы Мұхит Ықылас бастаған қазылар авторлардың еңбегін тақырыптың өзектілігі мен қоғамдық маңыздылығына, материалдың тереңдігі мен шынайылығына, жазу стилі мен құрылымының сапасына, авторлық көзқарас пен шығармашылық ерекшелігі сияқты критерийлер бойынша бағалады.
Осы байқауға «Elorda aqparat» медиахолдингінің журналистері де атсалысып, жүлделі орындарды жеңіп алды. Атап айтсақ, «Баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы бойынша «Астана ақшамы» басылымының тілшісі Ержан Қожас жүлделі І орынға ие болса, Elorda info желілік басылымының тілшісі Салтанат Мұратқызы «Интернет басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы бойынша ІІ орынды иеленді. Ал «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Екатерина Тыщенко «Астана Тазалық» компаниясының бас директоры атынан арнайы сыйлыққа ие болды.
Айта кетейік, «Астана Тазалық» ЖШС бұл байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп, экология, еңбек адамы және қаланың көркеюіне үлес қосып жүрген журналистердің шығармашылығын қолдауға мүдделі.
Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ