Әлеуметтік кәсіпкерлік – әлеуетті сала

Кеше Астана қаласы Қоғамдық кеңес төрағасы Зұлфұхар Ғайыпов пен кеңес мүшелері бастаған арнайы топ елордадағы әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарын аралады. Мұндағы мақсат – қала билігі тарапынан аталған салаға қандай көмек көрсетіліп жатқанын сараптау болып отыр.
Кеңес мүшелері алдымен «Нирвана» жеке кәсіпкерлігінің жиһаз шығаратын цехына аялдады. Мұнда үй бөлмелері мен асханаға, сондай-ақ кафе мен мейманханаға арналған үстелдер жиынтығы дайындалады. Ал екінші нысан – «GreenTAL» әлеуметтік жобасы 2015 жылы құрылған. Оның басты міндеті – әлеуметік осал топтарға жататын азаматтарды оқыту және жұмысқа орналастыру. Яғни белгілі бір кәсіпке баулып (тігін, жиһаз жасау, баспа ісі) үйретіп отыр.
Ал «Qadam special school» балаларды түзету және оңалту орталығында 40-қа жуық бала сауықтыру шараларын алуда. Әрі мұнда 25 арнайы қызметкер бар. Орталық спорттық және академиялық бағытта жұмыс істейді. Дұрысы, аутизмге шалдыққан 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер денсаулығымен педагогтар мен тренерлер тұрақты айналысып келеді.
«Біз әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарымен танысу үшін төрт нысанда болдық. Бұл мониторингтің мақсаты біреу-ақ. Қазір Астана қаласы әкімдігі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуда көптеген қолдау жұмыстарын жүргізуде. Екіншіден, біз барған барлық кәсіпкерлік нысандары аз қамтылған отбасы мүшелері мен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдау сияқты жобалары бар. Бірақ біз әлі де осы салаға қолдауды көрсете беруге тиіспіз. Мысалы, осы уақыттары 5 млн теңгеге дейін грант мәселесі шешіліп келді. Алдағы уақытта бұл қаржыны ұлғайту жөнінде кәсіпкерлер тарапынан ұсыныстар айтылды. Бұл мәселенің кеңесте талқылап, келешекте оң жағына шешу жолдарын қарастырамыз. Бұған Астана қаласы бюджетінің мүмкіндігі жеткілікті деп ойлаймын» дейді Қоғамдық кеңес төрағасы Зұлфухар Ғайыпов.
Төрағаның сөзінше, әлеуметтік кәсіпкерлердің бизнес жобалары өте ерекше. Әрі бір-біріне ұқсамайды. Тек қолдауды үзбеу керек.
«Біздің әлеуметтік инновациялық хаб орталығымыз Орталық Азияда жоқ жоба екенін айтқым келеді. Мұнда тек ерекше жандарға арналған дүкен, әлеуметтік кафе, арнайы тренинг өткізетін зал, коворкинг, контент-студия ашылады. Бұйырса, тамыз айында ашылу салтанаты өтеді. Әлеуметтік сала бойынша кәсіпкерлікті дамытуға қолдау білдірген әкімдік мамандарына алғысым шексіз» дейді әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров.
Ержан ҚОЖАС