Басты ақпаратЕлорда тынысы

Еңсесі биік елорда

Қарқынды дамып келе жатқан елорда Астана күніне жылдағыдай толағай табыспен жетті. Қазақстан астанасындағы халық саны 2035 жылға қарай 2,5 миллионға жетеді деп болжануда. 2025 жылғы 1 мамырға Астана қаласындағы халық саны 1558501 адамды құрады. Сондықтан алдағы он жылда әлеуметтік нысандар екі есе артады. Көші-қон қарқынына қарай тұрғын үйлер де көбейеді. Биыл жаңа оқу жылында үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешіледі.

Әлеуметтік нысандар – басты назарда

Былтыр үкімет қаланың бас жоспарын бекітті. Он жылдан кейін Астанада 2 жарым млн адам тұратын болса, ең алдымен инженерлік инфрақұрылымды дамытып, әлеуметтік мәселелерді шешу керек.

– Біз әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше назар аударамыз. Олар – мектептер, балабақшалар, оқушылар сарайлары, медициналық мекемелер және т.б. нысандар. Елордада 2017 жылдан бастап мемлекеттік балабақшалардың құрылысы тоқтап қалды. Біз оны қайта жандандырдық. Көптеген жүйелі жұмыстар жүргіздік: алғашқы жер телімдерін белгіледік, инженерлік желілерді, басқа да қажетті инфрақұрылымдарды дайындадық. Өткен жылы қалада үш ауысымды 8 мектеп болған. Тіпті екі ауысымды мектептердің өзінде әр сыныпта балалар тым көп еді. Сол үш ауысымды мектептердің бесеуін жойдық. Жоспар бойынша биыл үш ауысымды мектеп мүлдем болмайды. Алдағы 5 жылда оқу орындарын 30-40 пайыз көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз. Ондай мүмкіндік бар. Ең бастысы, маман керек. Былтыр 24 мектеп іске қосылды. Биыл 15 мектеп беріледі. Әрі қарай да осы қарқын сақталады. Мектептерге ұжым табу, педагогтарды дайындау – ол бір мәселе. Сондықтан Президенттің тапсырмасы аясында педагогтарды дайындау бойынша факультеттер ашылып жатыр, – дейді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.

Биыл қалада 11 балабақшаны пайдалануға  беру жоспарлануда. Олар – жергілікті бюджет есебінен 1500 орындық 5 балабақша, жеке инвестиция есебінен 1094 орындық 4 балабақша, тұрғын үйлердің бірінші қабатында 185 орынға есептелген балабақша, сондай-ақ 120 орындық жаңғыртылған ғимарат. Аталған балабақшаларда 2899 орын ашылады.

Осылайша елорда әлеумет­тік және инженерлік инфра­құрылымға баса назар аудара отырып, дамытылып жатыр. Бұған дейін қалада бірқатар газ жылыту, ауыз су стансалары салынды. Қазіргі таңда «Арай» электрлі қосалқы стансасы, «Тельман» ГЖС, кәріз желілері салынуда. Қаладағы су тапшылығына қатысты бірнеше шешім қабылданып, бұл мәселе алдағы 5-6 жылға шешілді. Қазір Астанада судан тапшылық жоқ, керісінше профицит бар. Енді үкімет, экология министрлігі қосылып үлкен жобаны бастауда.  Қ.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды каналынан су қорын қалаға тарту және Астанада жаңа сорғы стансасын салу жоспарлануда. Ол жоба алдағы 3-4 жылда іске қосылады.

Кептеліс мәселесі тиімді шешіледі

Астанадағы өзекті мәселелердің бірі – кептеліс. Оның шешу жолдарын да әкімдік қарастырып қойған.

– Бір көпірді 2023 жылы бітірдік. Тағы 2 көпір жобаланып жатыр және бұл мәселені шешу үшін болашақта 2-3 қабатты автомобильдер өтетін қиылыс пайда болады. Үлкен қалаларда мәселе осылай шешіледі. Автобустар жетіспеушілігі бар екенін растаймыз. Соңғы 2 жылдың ішінде 700-дей жаңа автобус әкелінді. Бұл жұмыс жалғасады. Қосымша 500-700 автобус керек. Мәселені екі жылда ретке келтіреміз деп жобалап отырмыз, – деді әкім.

Елорда келбеті мен кептеліс мәселесін шешуде маңызды жоба ЛРТ бойынша құрылыс жұмыстары 2-3 айдың ішінде толығымен аяқталады. Алғашқы пойыздар келді. Жоспар бойынша күздің басында тестілік режим басталады, ол 3-6 айға дейін созылады. Бәрі дұрыс болса келесі жылдың басында ЛРТ толығымен пайдалануға беріледі. Былтыр қалада 4 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. 2025 жылғы қаңтар-мамырда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 5,6% көбейді. Бұл ретте пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлердің жалпы алаңы 9,4% артты.

Абаттанған Астана

Елорда «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы аясында дамытылуда. Жақында Мемлекет басшысына елорданы көгалдандыру және абаттандыру жоспары таныстырылғанда Жеңіс Қасымбек биыл Астана қаласында 1 миллионнан астам түп жасыл желек егу жоспарланғанын айтты. Сонымен қатар 180-нен аса қоғамдық кеңістік пен ауланы абаттандыру көзделіп отырғанын жеткізді. Аталған жұмыстар шаһардың тарихи көшелерінде, Президент саябағында, Үкімет үйінің айналасында, Есіл өзенінің жағалауында, «Мыңжылдық» аллеясында, Триатлон паркінде, Greenline бульварында, Желілік саябақта, вокзал маңы мен Иллюзия паркінде, Сығанақ, Ш.Қалдаяқов, Гете, Біржан сал және басқа да көшелердің бойында жүргізіледі. Сондай-ақ Ақбұлақ өзенінің арнасын тазалау жалғасады. Астанада ағаштарды құжаттандыру және цифрландыру арқылы есепке алу шаралары қолға алынады. Қала тұрғындары QR кодтың көмегімен ағаш туралы ақпарат алып, оған қатысты мәселе туындаса тиісті органдарға хабарлау мүмкіндігіне ие болады.

– Абаттандыру барысында қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлеміз. Биыл да бір миллионнан астам жасыл желек (ірі ағаштар, көшеттер, бұталар және т.б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Мысалы, ағаштар Момышұлы, Жұма­баев даңғылдарының, Айнакөл, Тәшенев көшелерінің бойына отырғызылды. Тілендиев даңғылында Көктал көшесінен бастап Астрахан тасжолындағы көпірге дейінгі аралықта, Бейбарыс Сұлтан, Нұрмағамбетов көшелерінде және Ұлы дала даңғылында жолақтардың бөлгіш тұсын көгалдандыру жүріп жатыр. Байқоңыр ауданында бос жатқан аумақтың орнына жаңа гүлзар ашылды. Ол Жұбанов көшесінде – Тархан және Пушкин көшелерінің арасындағы аумақты қамтиды. Абаттандыру аясында ауқымды көгалдандыру жүргізіледі, көпжылдық бұталар мен ірі ағаштар отырғызылады. Сонымен қатар бірыңғай стильде орындықтар, үстелдер, қоқыс жәшіктері секілді көше жиһаздарын орнату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек автотұрақ алаңын салу да көзделіп отыр. Сол сияқты биыл елорданың маңызды тарихи даңғылдарының бірі – Абай даңғылы жаңартылады. Абай даңғылының Республика даңғылынан бастап Уәлиханов көшесіне дейінгі аралығы толықтай екі жағынан абаттандырылады. Абаттандырылатын аумақтың жалпы көлемі 1,1 гектарды құрайды, – деді әкім.

Бұған қоса LRT бағыты бойында орналасқан көшелерде абаттандыру, құрылыс және көгалдандыру жұмысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Сығанақ көшесі мен Қабанбай батыр даңғылында 7500 ірі ағаш отыр­ғызылып, эстакада астында жайлы қоғамдық кеңістіктер ашылады. Қабанбай батыр даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі аралықта абаттандырылған аймақ пайда болады. Сондай-ақ қаланың көгалдандырылған аймақтарын абаттандыру жұмысы жалғасады. Нақтырақ айтқанда, «Хан Шатыр» сауда орталығының артында Greenline жаяу жүргіншілер желекжолының жалғасын салу жоспарлануда. Оның алғашқы бөлігі Күлтегін көшесінен бастап Әнет баба көшесіне дейінгі аралығында орналасып, демалыс пен серуендеуге қолайлы жасыл кеңістік қалыптасады. Сонымен қатар Ботаникалық бақ, «Нұржол» желекжолы, Орталық саябақтағы аллея, «Көктал» саябағы және басқа да орындарда қосымша көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.

Райхан Рахметова

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button