Ел тынысы

БАҚ қызметкерлеріне Президент атынан баспана сертификаттары табысталды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Дара» Президенттік бастамалар қоры Қазақстанның жетекші медиа ұйымдарының қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын табыстады.

Медиа саласы қызметкерлеріне баспана беру бастамасы — азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейту және қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кең ауқымды мемлекеттік саясаттың бір бөлігі.

Салтанатты рәсім барысында ҚР Президентінің Кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл үшінші жыл қатарынан журналистерге пәтер беру шарасы ұйымдастырылып отыр. Бұл – Президенттің отандық медиа қызметкерлеріне деген үлкен қолдауы. Биыл пәтерлер тек журналистерге ғана емес, режиссерлерге, операторларға, корректорларға және отандық медианың өзге де мамандарына беріледі. Сонымен қатар біз әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аудардық: пәтер иелерінің қатарында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар да бар. Әріптестеріміздің жетістіктеріне қуаныштымыз. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!», – деді Руслан Желдібай.

Пәтер сертификаттарына «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясы, «Хабар» Агенттігі» АҚ, «Qazcontent» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС, «ЕВРАЗИЯ+ОРТ» ЖШС, «Atameken Business» медиахолдингі, Tengrinews және басқа да медиа ұйымдардың қызметкерлері ие болды.
Жаңа пәтер иегерлерінің қатарында дубляж редакторлары, эфир операторлары, дыбыс режиссерлері, телеоператорлар, корректорлар және күн сайын сапалы ақпараттық өнім жасауға үлес қосып жүрген өзге де медиа саласының мамандары бар.

«Мемлекет басшысының БАҚ өкілдерін баспанамен қамтамасыз ету бастамасын «Дара» қоры сәтті жүзеге асырып келеді. Қоғамға оң әсер ететін және азаматтардың әл-ауқатын жақсартатын жобаларды іске асыру – біздің негізгі құндылықтарымыздың бірі болып қала береді», – деп атап өтті «Дара» Президенттік бастамалар қорының жетекшісі Мұхамедқали Тауан.

Мүлікті өтеусіз беру шартымен 2023 жылы мемлекеттік бес БАҚ-тың 65 қызметкері пәтер алған болатын. 2024 жылы түрлі медиа құрылымдарда еңбек ететін 68 қызметкерге баспана берілді. Ал ағымдағы жылы ұлттық медиа кеңістіктің дамуына үлес қосып жүрген журналистер мен техникалық мамандарды қолдау мақсатындағы дәстүрі бойынша медиа саласының 66 өкілі жаңа пәтерге ие болды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button