Қоғам

Ерекше этнолагерь жұмыс істеп тұр

Елордадағы №97 мектеп-гимназия жанынан ерекше «Атамекен» этнолагері жұмыс істеп тұр. Мұнда оқушылар киізбен жұмыс істеуді, қолөнермен айналысуды, ұлттық ойындар ойнауды және қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауды үйреніп жүр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Лагерь жұмыс істеген уақыт ішінде 5-7 сыныпта оқитын 40-қа жуық оқушы түрлі дағдыларды меңгерген.

«Бұл лагерьді ұйымдастыру барысында барлық нәрсені егжей-тегжейлі ойластырдық. Балалардың уақытты қызықты әрі пайдалы өткізуі үшін ұстаздарымыз оларға жүн түтудің, киіз басудың жолдарын үйретуді жөн көрді. Киіз үйде қыздар мұғалімдердің жетекшілігімен бауырсақ, құрт дайындайды. Қолөнер мен тағам әзірлеу кезінде саусақтардың жұмыс істеуі ұсақ моториканың дамуына оң әсер етеді. Біз бауырсақты қазанда қалай дұрыс пісіру керектігін, самаурынды қалай қайнату керек екенін көрсетеміз. Ал ептілікті дамыту үшін дене шынықтыру мұғалімдеріміз оқушыларға асық ату, садақ ату, арқан тарту ойындарын үйретеді. Этнолагерьге оқушылардың ата-аналары да қызығушылық танытып отыр. Олар балалардың бұл жерде уақытын тиімді өткізіп жатқанын көріп, өте риза. Кейбір әжелер де ерікті түрде ұстаздарға көмектесіп, өз шеберліктерін көрсетуде», – деді мектеп-гимназияның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Айгүл Біржанова мен Гүлжазира Нұржанова.

Лагерьден алған әсерін 5-сынып оқушысы Айзере Нұрлыбай былайша жеткізді.

«Мұнда бәрі ұнайды, өзіме көп дос таптым. Мұғалімдеріміз бізге құрт жасау мен бауырсақ пісіруді үйретеді. Дайын болған соң мұғалімдермен бірге шай ішеміз, әжелеріміздің әңгімесін тыңдаймыз. Ұлттық тағамдар туралы жан-жақты мәлімет алдық. Сонымен қатар, үйімізге бауырсақ пен құрт алып кетеміз. Туған-туыстарым қатты таңғалды, ал оны өз қолыммен пісіргенімді білгенде қуана жейді. Тіпті рецептін сұрап жататындар да бар», – деді оқушы.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button