Әр алуан әуен әуеледі

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония елордалықтарға арнап бірнеше концерт ұсынды.
Дәрігердің концерті
Мамандығы дәрігер Серік Тоқпановтың концерті «Өткен ғасырдың ретро әндері» атауымен өтті. Кештің басты мақсаты – ХХ ғасырда кең таралған, халық жадында сақталған қазақ және орыс әндерін тыңдарманға жаңаша орындауда ұсыну. Бұл музыкалық кеште әр буынның жүрегіне жақын лирикалық шығармалар мен танымал эстрадалық туындылар орындалды. Атап айтқанда, Сейдолла Бәйтереков, Арно Бабаджанян, Ескендір Хасанғалиев, Александра Пахмутова, Оскар Фельцман, Фрэнк Синатра сынды белгілі композиторлардың туындылары мен танымал әншілердің репертуарындағы шығармалар шырқалды. Соның ішінде «Дос туралы жыр», «Өмір-өмір», «Есіңе ал», «Махаббат тарихы», «Тілек тіле», «Ноктюрн», «Менің жолым» және тағы басқа туындылар бар. Іс-шараға симфониялық оркестр қатысты (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин, бас дирижері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Қалқаман Дүйсембаев). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Қанат Ахметов және халықаралық байқаулардың лауреаты Зарина Божакова кештің арнайы қонақтары болды.
Композитордың кеші
Белгілі композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балнұр Қыдырбектің 70 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеші «Өмір – өнер мейрамы» деп аталды. 500-ден астам шығарма тудырған композитор балаларға арналған әндерден бастап симфонияларға дейін жазды. Концерт барысында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі мен симфониялық оркестрі, халықаралық байқаулардың лауреаттары мен белгілі өнерпаздар «Бөрілі менің байрағым», «Қырғызкүй», «Қалдыбек бақсы», «Қалқаман ариясы» сынды шығармаларды орындады. Түрікменстанның еңбек сіңірген қайраткері Ровшен Непесов, Ресей композиторлар одағының төрағасы Рашид Калимуллин, Қырғызстан халық әртісі Мұратбек Бегалиев және Түркияның Измир мемлекеттік консерваториясының ректоры Өзге Гүлбей сынды шетелдік қонақтар шақырылды. Кеш барысында композиторға ақын Тілеуғазы Бейсембектің арнау өлеңі мен көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің жыр жолдары оқылып, композитордың немерелері «Би билейік бәріміз» әнін шырқады. Кеш Балнұр Қыдырбектің КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевке арналған «Ұлы ұстазға тағзым» шығармасымен түйінделді.
Танымал туындылар шеруі
Ал Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Қ.Жұмакенов атындағы үрлемелі оркестрі «Gelato Con Caffe» концерттік бағдарламасын ұсынды. Концертте әйгілі неаполитан әндері, итальян эстрадасының танымал хиттері, сондай-ақ Эннио Морриконе мен Нино Рота сияқты итальян композиторларының кинотуындылары орындалды. Баршаға таныс әуендер филармонияның солистері мен үрлемелі оркестрінің орындауында жаңа қырынан көрініс тапты. Кеш барысында «Ricchi e Poveri» тобының репертуарындағы атақты «Mamma Maria», Дарио Фаринаның «Felicita», Тото Кутуньоның «Amore No» және «L’Italiano», Боб Мерриллдың танымал «Mambo Italiano», Энрико Карузоға арналған Лучо Далланың «Карузо» әндері шырқалды. Итальян әндерін Алтынбек Арыстанбек, Ринат Нұрмұхан, Әкімхан Маженов, Ақбота Құснадин, Алтыншаш Мұқатаева, Парасат Отан, Қымбат Жамбылбек, Әнел Смайылова, Мұратбек Хайролда, Айдын Жұмабай, Нұрсәт Алмас, Дәурен Төлеубаев, Хамит Отарбаев, Бибігүл Жанұзақ орындады. Эннио Морриконенің «Миссия» фильміндегі «Габриэльдің гобойы» және «Cinema Paradiso» туындыларын Сая Жақсылыққызы айтса, Нино Ротаның «Өкіл әке» фильмінің саундтрегі шырқалды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ