Қоғам

Hogwarts: ұлттық тәрбие мен цифрлық сауаттылық

Астана қаласы әкімдігінің №101 орта мектебінде ұйымдастырылған Hogwarts жазғы лагері балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі пайдалы өткізуге бағытталған. Бүгін лагерь аясында «Ұлттық тәрбие – ұрпақтар мұрасы» атты шеберлік сағаттары мен танымдық іс-шаралар өтті.

Іс-шара мақсаты – жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін оятып, ата-бабадан келе жатқан мәдени құндылықтарға баулу, сонымен бірге ақпараттық технологиялар саласындағы қабілетін дамыту. Балаларға ұлттық және заманауи бағыттағы шығармашылық, спорттық, цифрлық сабақтар қатар ұсынылуда.

Ұлттық бағыт: ұмыт бола бастаған дәстүрді қайта жаңғырту

1-2 топ оқушылары қыштан бұйым жасауға арналған құмыра өнері сабағына қатысып, қол еңбегі арқылы өз қиялдарын іске асырды. Арнайы үйірмені жүргізген көркем еңбек пәнінің мұғалімі Еркебұлан Мауяновтың айтуынша, бұл жұмыс – балалардың ұсақ моторикасы мен шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға таптырмас құрал.

«Сазбен жұмыс істеу баланың ішкі дүниесін ашып, өз ойын бейнелеуге мүмкіндік береді. Біз қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып жұмыс істейміз. Сондықтан күрделі әдістерді біртіндеп меңгеріп келеміз», – дейді ұстаз.

3-топ оқушылары спортзалдағы асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас сынды ұлттық ойындарға қатысты. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бауыржан Діңғазыұлының айтуынша, ұлттық ойындар арқылы балалар елдік, ерлік, тәрбие мен шынығу дәстүрлерін бойларына сіңіреді.

«Қалалық балалар үшін бұл ойындар – жаңа дүние. Олар үшін қызық әрі танымдық. Ұлттық құндылықтарды осылай насихаттауға болады», – дейді ол.

Ал 4-топтағы оқушылар дәстүрлі киіз басу және жүннен бұйым жасау шеберлік сағатында ұлттық қолөнердің қыр-сырымен танысты. Қазақ халқының тұрмыстық мәдениетін меңгеруге бағытталған бұл жұмыс балалардың таным көкжиегін кеңейтті.

IT бағыт: технологияға терең бойлау

5-топта 5-7 сынып оқушылары дрон басқару, VR технологиялары, робототехника бағытында тәжірибе жинақтауда. Цифрлық сауаттылықты дамытуға арналған бұл сабақтарды мектептің физика және информатика пәнінің мұғалімі Айтжан Әбілмәжінов жүргізіп келеді.

«Балалар дронмен тек ұшыру ғана емес, оның ішкі құрылымын да үйренеді. Қалақшаларын орнату, ақауын жөндеу, симуляция арқылы басқару сияқты тәжірибелер жасайды. Сонымен қатар VR құрылғылармен виртуалды әлемде бірігіп тапсырмалар орындау арқылы жаңа дағдылар қалыптасады», – дейді ұстаз.

Оқушылар IT бағытында танымал ойындарды VR кеңістігінде зерттеуге де мүмкіндік алып отыр. Бұл олардың логикалық ойлауын, зейінін және топпен жұмыс істеу машығын жетілдіреді.

Көпбағытты лагерь – жан-жақты даму алаңы

Лагерьдің тәрбиешісі, бастауыш сынып мұғалімі Пердегүл Әмзееваның айтуынша, оқу орны базасындағы жазғы лагерь үш негізгі бағытта жұмыс істейді:

– Ethno camp – ұлттық құндылықтарды дәріптеу;

– IT camp – цифрлық сауаттылық және жаңа технологиялар;

– Drone camp – дрон құрастыру мен басқару.

Сонымен қатар ағылшын, қытай және француз тілдері бойынша тілдік үйірмелер де ұйымдастырылып, балалардың тіл меңгеруге деген ынтасы артып отыр.

«Ұршық иіру, саздан ыдыс жасау, ертегілерді сахналау секілді этнобағыттағы тапсырмалар баланың жан дүниесін ұлттық болмыспен байытады. Бірінші ауысымда болған оқушылардың көбі екінші маусымға қайта келіп жатыр. Бұл – лагерьдің балаға қаншалықты ұнайтынын дәлелдейді», – дейді тәрбиеші.

Балалар пікірі: лагерь – естен кетпес күндер мекені

5-сынып оқушысы Адель Тілеулі лагерь жайлы әсерін бөлісті:

«Таңертең бізді күлімдеп қарсы алады. Жаттығудан соң таңғы ас ішеміз. Сосын IT немесе құмыра сабағына қатысамыз. Сабақтар өте қызықты. Түскі астан кейін де түрлі шаралар өтеді. Үйге қайтарда көңілкүйіміз өте жоғары болады. Бұл күндер жадымда пайдалы, көңілді уақыт болып қалатыны сөзсіз».

 Ақнұр Тұяқбай,

ЕҰУ студенті

Фото: Астана әкімдігінен

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button